Астана. 15 қыркүйек. BM.KZ — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтарға арналған цифрлық ортаны қорғау мәселелері жөнінде Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті.
Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыруды көздейтін міндет жүктегенін айтты. Бұл үшін кешенді шара қабылдау, соның ішінде киберқауіпсіздік саласында да ауқымды жұмыс атқару қажет. Жиын барысында қазіргі заманғы киберқатерлер мен оған қарсы іс-қимыл әдістері, аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымды қорғау, киберқауіпсіздік индустриясын дамыту және кадр даярлау жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Президент киберқылмыспен, соның ішінде кибералаяқтықпен күрестің маңызына тоқталды. Сонымен қатар, киберқылмыстарды тергеуге қатысатын мемлекеттік органдардың құзыретін арттыру шараларына баса назар аударды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жеке деректерін қорғауды және дербес мәліметтерді таратқаны үшін берілетін жазаны күшейтуді басты міндет ретінде атады. Сондай-ақ, киберортадағы қауіпсіздік пен жауапты әрекет қағидаттарын халыққа кеңінен түсіндіріп, алдын алу жұмыстарын күшейту қажет.
