Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек неліктен жоғары балл алған қазақстандық түлектердің грант ұта алмай қалғанын түсіндірді. Айтуынша конкурс әділ өткізілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша жоғары балл жинап, алайда жоғары оқу орындарына грант ала алмағандар аз грант бөлінген мамандыққа тапсырған.
“90 балдан жоғары жинап, мемлекеттік білім беру гранттарын ұта алмай қалған 10 607 талапкерді мұқият қарастырайық. Бұл абитуренттер қандай мамандыққа тапсырған? Бірінші, ең көп адам тапсырған мамандық – Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. 3052 адам бұл мамандық бойынша грант ала алмады. Себебі біз бұған биыл 600 ғана грант бөлгенбіз. Тағы бір 941 адам грант ұта алмай қалған мамандық – Сән және дизайн. Биыл бұл салаға 205 грант бөлінген, ал тапсырғандар саны 1624 адам. Сурет өнері мен сызу пәніне дайындық мамандығына 120 грант бөлсек, 713 адам өтініш білдірген. Жоғары балл алып грант ұта алмай қалғандардың 70 пайызы мемлекетке сұраныс тудырмайтын мамандыққа тапсырған”, – деді министр.
Министр бәрінің әділ, ашық өткенін алға тартты. Үкімет отырысындағы сөзінде ол су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің түлектеріне 5 мыңнан астам квота бөлінгенін жеткізді. Негізгі қаражат бірінші кезекте тұрғын үйді қалпына келтіруге жұмсалғандықтан одан артық қосымша гранттар болмағанын алға тартты.
“Егер шынымен көмектескіміз келсе, неге қосымша қаражат бөлмегенімізге сын айтылуда. Мұнда негізгі құралдар, ең алдымен, физикалық көмекке-тұрғын үйді қалпына келтіруге жұмсалғанын нақты түсіну керек. Ал талапкерлер үшін екі арнайы мүмкіндік бердік. Біріншісі ҰБТ тапсыру мерзімін 25 шілдеге дейін ұзарттық, екіншісі қаңтар және наурыз айларының сынақ ҰБТ сертификаттарын пайдалануға мүмкіндік бердік.
Су басқан өңірлерден 20 мыңнан астам түлектің жартысынан көбі жалпы конкурс бойынша өтті. Зардап шеккен облыстардан талапкерлер үшін барлығы 5 112 грант бөлінді. Бұл аймақтарды қолдау үшін талапкерлерге дайындалу және конкурсқа құжаттарын тапсыру үшін мерзімі ұзартылды және конкурсқа ең жақсы ҰБТ нәтижесі бар сертификатын ұсыну мүмкіндігі берілді», – деп баяндады ол.
Министр сонымен қатар осы мүмкіндікті 1120 адам пайдаланып, жоғары баллмен сертификаттар алып есептелгенін атап өтті.
«Тағы да қайталаймын, бұл тек бір көлемдегі шара болды, тек осы жылға арналған. Жалпы, квотаны, шамамен 5 мың адам пайдаланды. Қалған 10 мың адам жалпы конкурсқа қатысты. Сондықтан бұл шартты квота болды. Бізде қосымша қаражат бөлуге мүмкіндік болмады”, — деді Саясат Нұрбек.
Еске салсақ, желіде түлектер ЖОО-ға түсу грантының басым көпшілігі су тасқынынан зардап шеккендерге берілгеніне қарсы шыққанын хабарлаған едік.