Бұл әйелдің тұңғышы ішінде шетінеп, жатырын алып тастаған. Бет-жүзін көрсетпеуді сұрады. Ұрпақ сүюден үміті үзілген жолдасы бір келіп, бір кетіп, шаңырағы шайқала жаздаған. Ал әйел керсінше, балалы болудан үмітін үзбеген. Араға он жыл салып, екі рет суррогат ананың қызметіне жүгінген. Қазір екі қызы бар. Үлкені 5 жаста, екіншісі 2-де.
Жанар, қала тұрғыны:
Бетіне қарасам, қолына қарасам, күйеуіме ұқсайды. Сондай бақыт. Сөзбен айта алмаймын. Суррогат аналар, өте үлкен көмек.
Дәнекер Әбутәліп, эмбриолог-дәрігер:
Ұрықтарды қосқаннан кейін, олар арнайы осындай инкубаторға орналастырылады. 5-7 күн бойы осында өрбиді. Бес күннен кейін егер пациент дайын болса, эмбрионды жатырға салып бере аламыз.
Аналық және аталық жасушаның қосылғаны, оның ұрық болып дамығаны арнайы құрылғының көмегімен қадағаланады. Егер эмбрион әлсіз болса, жатырға салынбайды.