Коммуналдық қызмет тарифтері мен бағаның негізсіз өсуін реттеу қажет. Премьер-министр Олжас Бектенов бүгін жылдың 11 айын қорытындылап, жауапты министрлерге осындай тапсырма берді. Әлем ерекше экономикалық кезеңді бастан кешіп жатқанда арқаны кеңге салар шақ емес. Үкімет инфляция өсімін тежеу үшін қандай шара қабылдады?
2024 жыл аяқталуға жақын. Жыл соңына қарай Үкімет әдеттегідей 11 айдың қорытындысын шығарды. Ұлттық экономика министрінің есебінше, биыл экономикамыз 4,4%-ға өскен. Оның 70 пайызы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда, транспорт салаларына тиесілі. Инвестиция көлемі де біршама артқан. Білім беру секторына салынған қаржы 2,2 есеге, ғылым мен техникалық қызметте 42,1 пайызға өсті.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Үздік көрсеткіштер Қарағанды, Жетісу, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстарында байқалады. Бұл ретте Атырау, Ақмола, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында инвестициялардың айтарлықтай төмендеуі байқалады.
Айя Мүтәлі, тілші:
Үкімет бюджет түсімі мен шығынынын да есептеді. Бюджет бүйірін толтыру үшін биыл Ұлттық қордан 5,3 трлн теңге алғанын білеміз. Соған қарамастан, Ұлттық банк төрағасы Қазақстанның халықаралық резервтері ұлғайғанын айтады. Қорда қазір 60,8 млрд доллары жатыр. Ал қазынаға 2 трлн теңге түспей қалған. Осылайша, жоспардың 10 пайызы орындалмаған. Бұған импорт көлемінің азайып, экспортқа шығарылатын тауарлардың арзандауы себеп. Сәйкесінше, салық түсімдері 27 пайызға азайды.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:
Мемлекеттік бюджетке 19 трлн теңге түсті немесе жоспар 90%-ға орындалды. Жоспардың орындалмауы салықтар бойынша түсімдердің азаюына байланысты болды, ол 76%-ға атқарылған.
Ал инвестиция тарту экономиканың негізгі қозғаушы күші. Олжас Бектенов осы ретте инвесторлардың проблемаларын бірден реттеп, шешімін табу керектігін айтты.