Ресеймен ауылымыз аралас, қойымыз қоралас болғанымызға 300 жылдан асты. Оның 70 жылын КСРО-ның кезінде бірге өткіздік. Бір елміз дедік. Тілін үйрендік. Білім алдық. Совет Одағы жасасын дестік. Уралап, Отан қорғадық. Ауғанды шаптық. Ленин, Марск, Энгельс ілімдерін оқыдық. Діннен бездік. Тілден айырылдық. Салт-дәстүрімізді ұмытып қала жаздадық. Миллиондап қырылсақ та «алғыс» айтудан жалықпадық. Нәтижесінде 1991 жылы тәуелсіздігімізді алып өз жөнімізге кеттік. «Кеттік» деген аты ғана. Қағаз жүзінде тәуелсіз болсақ та іс жүзінде барлық әлеуметтік-экономикалық салада басыбайлы боданның күйін кештік. Электрэнергиядан бастап интернетке дейін Ресейден алатын болдық. Отыз жылда бір атом электрстанциялары мен жылу электр станциялары, мұнай өңдеу, машина шығару өндірістерін сала алмадық. Біреудің қаңсығына таңсық боп жүрдік. Тіпті әскери қорғаныс салада да байлаулы қалпындамыз. Мысалға алар болсақ, Байқоңырды жалға бердік, Капустин Яр сынақ алаңы. Қазіргі таңда ол жерде Ресей әскерилері зымырандарын сынақтан өткізуде. Сонда Қазақстаннан он есе үлкен Ресейде зымырандарын сынақтан өткізетін жер болмағаны ма? Неге қазақтың даласын талқандай береді. Хрущев келіп жүгері егем деп сайын даламызды қаны шыққанша тілгілеп кетті. Қазір соның зардабын тартып отырмыз. Олигархтар мен латифундистерге сатып жіберген егістік жерлердің кесірінен ауыл халқы мал шаруашылығымен айналыса алмай, амалсыз ала сумкасын арқалап Астанаға ағылуда. Ал күйреген үйлер мен күңіренген дала, ауылдар иесіз қалып жатыр. Келесі Сарышаған сынақ алаңы. Жылына кем дегенде бір рет зымыран сынағы өтеді. Төгілген гептильдің кесірінен Сарышағанның экологиясы бүлініп кетті. Балқаш көліне жақын орналасқан бұл сынақ алаңының табиғат пен адамзатқа тигізіп жатқан зияны орасан зор екенін эколог мамандар жылдар бойы айтып келеді. Ол аздай, Ресей тарапы жалға алу құнын 3 млн долларға азайту туралы ұсыныс жасаған деседі. Біздің ақкөңіл ақжағалылар бұғанда келіскен көрінеді. Полигондардан бөлек Батыс Қазақстан облысында Ресейдің зымыран мен оқ, дәрі сынақ алаңы орналасқан дейді. Ол Ресейдің иелігінде екен. Ал Қостанайда Ресейдің орналасқан әскери әуе күштерінің транспорт полкы орналасқан. Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев Ресей жалға алған алған жерлерінің гектарына бар-жоғы 1050 тенге төлеп келе жатқанын айтқан еді. Елімізде жер сатуға қарсы 2016 жылы үлкен митнгілер өтіп, қоғам дабыл қаққан еді. Жерімізді сатуға қарсы шыққан Макс Боқаев сынды азаматтар жаза арқалап, абақтыға қамалды. Бірақ халықтың ашу-ызасынан қорыққан билік бір қадам артқа шегінуге мәжбүр болғанмен, қазақ халқына тиесілі млндаған гектар жерді латифундистер қолынан алып, халықтың игілігіне беруге қауқар таныта алмай отыр. Қазақстанда ушығып тұрған жерді жалға беру мен экология, қоршаған ортаны қорғау мәселесі әлі күнге дейін басты назарға алынбай отыр. Ата-бабамыздан мұра болып қалған ұлы даланы өз ұрпақтары иемдене алмай, кім көріңгеннін ермегіне айналғалы қашан? Жаппай жайлаған жемқорлық дерті мен ұлттың, елдің, жердің болашағына бас ауыртпайтын қатыгездердің жүргізіп отырған реформаларының болашағы бұлыңғыр. Мұнымен Ресейден аулақ бол демейміз. Арамызды жеті мың шақырым шекара бөліп тұрған соң, ат кекілін үзісіп, аулақ тағы кете алмаймыз. Дегенмен, айбалтамызды арқамызға тыға жүріп, әккі саясат жүргізу қажет. Әрине Президентте бұл мәселені біледі деп ойлаймын. Қандай шара болса да қазаққа пайдалы болса екен деген ниетіміз бар.
Baimedia.kz