Қазақстанның он облысын су басты. Дайындық «шартты түрде» болғанын премьер де мойындады
Тасыған су бірнеше бас жылқы мен сиырды жаңқадай ағызып әкетіп барады. Екпіні тракторды қайықтай қалқытады. Ал үйінің бел ортасына дейін су басып, қара жолдан күдер үзіп, кеш батқанша шатырда тұрып көмек күткен адамдар әуедегі тікұшаққа жанұшыра қол созады. Бұл – бірнеше елді мекенін қарғын су алған Қостанай облысындағы ахуал.
Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына қарағанда, дәл осы облыста жағдай өте күрделі. Жалпы қазір елдің 10 облысында су тасып, қауіп төндіріп тұр. Кейбір аймақта төтенше жағдай жарияланған.
«Бір үйді су алса да үлкен қайғы, ал қазір жарты миллион адамның өмірі қыл үстінде тұр» деді мәжіліс депутаты Сергей Пономарев 27 наурызда үкімет мүшелеріне су тасқынына байланысты жолдаған депутаттық сауалында. Ол үкімет пен әкімдіктерді көктемгі табиғи апатқа дайын емес деп сынады.
Ал агросарапшы Кирилл Павлов «Қазақстанда су тапшы дегенді айғай салып айтамыз, бірақ көктемде топан судан зардап шегеміз. Яғни суды басқаруды, сақтауды үйрене алмай келеміз» деді Азаттық тілшісіне.
Қарғын су елдің көп бөлігіндегі жұртқа материалдық шығын келтіріп жатыр. Тасқын неге жыл сайын қайталанады? Билік өткен жылдардан сабақ алды ма? Үкімет апаттың алдын алып, шығынды азайту үшін барлық шараны уақтылы қолданып жатыр ма?