Бұл арнаулы әлеуметтік төлемді енді елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер де ала алады.
Жаңалықтың мән-жайын Еңбекминінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментіне қарасты Еңбекті қорғау басқармасының басшысы Шалқар Оразбеков түсіндірді.
«Биылғы 1 қаңтардан бастап, арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді, ол зиянды жұмыстарда істейтін немесе істеген адамдарға екі критерий бойынша төленеді. Біріншіден, 55 жасқа толуы керек. Екіншіден, жұмыс берушісі оған жалпы жиынтығында кемінде 84 ай, яғни 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) аударуға тиіс. Алайда мұндай жағдайда қауіпті жұмыстарда істеген, бірақ жиынтығында 84 ай МКЗЖ аудару фактісі жоқ жұмыскерлердің үлкен тобы аталған төлемнен қағылып отыр. Олардың зиянды жұмыстардағы жалпы өтілі кемінде 12,6 жылды құрайды. Жұмыс өтілі олардың еңбек кітапшасымен расталады», – деді басқарма басшысы.
Бүгінде бұл азаматтар биліктің төлемді барлығына емес, бөле-жара төлегеніне наразылығын білдіріп жатыр.