Астана. 5 тамыз. /Ербол Тұрымбет/ BM.KZ – Сертификаттарды беруді цифрландырудың арқасында 20 млрд теңгеге жуық қаражат көлеңкелі экономикадан шығарылды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун Үкімет отырысында айтты.
Ол қазір сауда саласында әр түрлі мемлекеттік органдар көрсететін мемлекеттік қызметтің 66 түрі бар екенін атап өтті. Вице-министрдің сөзінше, цифрландыру алдында министрлік реинжиниринг процестеріне қатысты жұмыстар жүргізеді. Мысал ретінде «электронды сертификат» кейсін айтуға болады. Ұзақ уақыт бойы бұл салада «сұр» сертификаттар тіркеусіз және нақты өлшемсіз жаппай шығарылды. Сондай-ақ, құжаттардың түпнұсқалығын тексеру үшін бірыңғай деректер базасы болмады. 2024 жылы реинжиниринг іске асырылғаннан кейін процесс толығымен цифрландырылды. Нәтижесінде «Техникалық реттеу» жүйесінде сертификаттарды міндетті түрде тіркеу енгізіліп, жалпыға қолжетімді QR арқылы заңдылықты тексеру мүмкіндігі іске асты.
«Нәтижесінде берілген сертификаттар саны 2 млн-ға дейін ұлғайды және 20 млрд теңгеге жуық қаражат көлеңкелі экономикадан шығарылды», – деді ол.
