Бас ауырып, балтыр сыздаса, дәрігер іздеп, жанталасатынымыз белгілі. Бірақ бүгінде ақмолалық жұртшылыққа жаны қиналса да, ақ халаттыларды шақыру мүмкін болмай қалған. Тұрғындардың айтуынша, дәрігерлерді не үйге шақыра алмайды, не жедел жәрдемге телефон шала алмайды. Емханаларға қоңырау шалса, мүлде көтермейді. Ал Damumed қосымшасы арқылы дәрігердің қабылдауына жазылғанымен, ешкім іздеп келмейді. Тіпті, жедел жәрдемге қоңырау шалу мүмкін емес… Ал телефон көтерсе де, науқас қандай қиын жағдайда болғанымен, 2-3 сағатсыз жетпейді. Осылай деп арызданған жұрттың қарасы қалың болып тұр.
Облыста дәрігерлер жетіспеушілігі жылдар бойы қордаланған күрделі мәселе. Өңірде жалпы тәжірибе дәрігерлері, жансақтау бөлімі, педиатр сияқты аса маңызды салаларда жетіспеушілік басым. Кадр тапшылығының алдын алу үшін облыс басшылығы мен тиісті Денсаулық сақтау басқармасы бірталай шара қабылдағанымен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Ал саладағы мамандардың жауапсыздығы өз алдына бөлек әңгіме. Мұны тұрғындар әлеуметтік желілерде де жиі айтады.
«Тұмау белгілері пайда болып, бірнеше күн үйде жатып емделмек болғанмын. Бірақ дене қызуым түспей, жағдайым күннен-күнге нашарлай берді. Тіпті, төсектен тұра алмайтын халге жеттім. Содан қалалық орталық емханаға қоңырау шалып, №4 учаскелік дәрігерді үйге шақыртпақ болдым. Сөйтсем, біздің учаскеде дәрігер де жоқ екен. Екі күн бойы дәрігерді шақыртатын тіркеу бөлімінің телефондары да көтермеді. Damumed қосымшасына дәрігерді шақырып, өтінім қалдырғанымның да еш пайдасы болмады. Ақыры 21 қаңтар күні әбден қиналған соң жедел жәрдем шақырттым. Бірнеше сағат бойы қоңыраулатып ала алмадым. Бір уақытта әзер дегенде қоңырауыма жауап берді. Сөйтіп, күндіз төрт шамасында шақырған жедел жәрдем дәрігерлері түнгі он бірден кете әзер келді. ПТР-тесттің нәтижесі коронавирус екенімді анықтады. Қазір дәрігерлердің жазып берген дәрілерін алып, үйде емделіп жатырмын», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Олеся Цыганова.
Ауырсаң, интернеттен қарамадың ба?
Дәрігер жетіспеушілігі мен жауапкершіліктің аздығы облыс аумағында да тұтастай күрделі мәселеге айналған. Телефоны мүлде жұмыс істемейді. Ал «қатты ауырсаң да дәрігер келмейді, барсаң жөндеп қабылдамайды» дейтіндер көп. Мәселе балалар ауруханасында да аса өршіп тұр.
«Үш жастағы балам қатты жөтеліп, тыныс алуы қиындап, жедел жәрдем шақырдым. Телефон көтермейді. Әзер дегенде қабылдады. Бір-екі сағаттан соң келген фельдшер баламды қарап, ларингит дертіне шалдыққанын айтты. Гормонды дәрі егуді, яғни ауруханаға апаруды ұсынды. Өзіміз апаратынымызды айттым. Бала қатты ауырған соң түнгі төртте ауруханаға өзіміз алып келдік. Дәрігер «Ларингит болса, интернеттен не істеу керегін өзің қарамадың ба?», – деп дүрсе қоя берді. Көмек сұрап келген бізді қарау тұрмақ, тыңдаған да жоқ. Өзін тәжірибелі инфекционист дәрігер деп таныстырды. Дәрігердің осындай қарым-қатынасына қатты ашуландым. Алайда балам қатты ауырып тұрған соң дауласып тұра алмадық. Осындай дәрігерлерді қалай жұмысқа алады екен?», – дейді Кристина Багинская.
Медициналық сақтандыруды не үшін алады?
Дәрігерлердің жетіспеушілігі мен жауапсыздығы жүкті әйелдерге де зор қиындық тудырған. Босанғанынан кейін айлап уақыт өтсе де, декреттік жәрдемақысын ала алмай жүргендер көп.
«Емханаға қоңырау шалу мүмкін емес. Үйге дәрігер шақыру дегенің құр далбаса! Онымен қоймай ай сайын медициналық сақтандыру үшін ақша алғылары келеді. Ал медицинамыздың қазіргі деңгейі адам шошырлық. Медициналық жарна төлетуді қолға алды. Бірақ емханалар мен ауруханалардағы бейберекетсіздікті ұмытып кеткен. Келінімнің босанғанына бір айдан асып кетті. Бірақ бүгінге дейін декреттік жәрдемақы ала алмай жатыр. Біз тіркелген VIAMEDIS ЖШС-да бас дәрігер жоқ. Бухгалтериясы елордада болып шықты. Ал мұнда бір кабинеттен екінші кабинетке сілтейді. Бірақ әлі еш нәтиже жоқ», – дейді қала тұрғыны Диана Ілиясова.
Өңірде 280 дәрігер жетіспейді
Осыған орай облыстық Денсаулық сақтау басқармасының пікір білдіруін сұрадық. Басқарма басшылығы қазір коронавирустың тым көбейгенін, сондай-ақ өңірдегі дәрігер тапшылығының салдарынан осындай қиындық туып отырғанын айтады.
«Қазір ковидпен ауырған науқастар саны күрт өсіп кетті. Облыс бойынша ауруханада жатқан науқастардың жалпы саны 600 адамнан асты. Сондай-ақ 538 адам үй карантинінде болса, 6 436 адам амбулаториялық ем қабылдап жатыр. 28 адамның жағдайы аса ауыр. Сондықтан жедел жәрдем дәрігерлері де, мобильді бригадалар да қатты ауырған науқастарға барғандықтан, жылдам жете алмайды. Телефон қоңырауына да дереу жауап беру мүмкін болмай қалады. Сондықтан мүмкіндікті пайдаланып, халықты вакцинациядан өтуге шақырамын. Бұл – ауруды ауыздықтаудың жалғыз жолы. Бұған қоса, облыста дәрігерлер тапшылығы бар. Бүгінде өңірде 280 дәрігер жетіспейді. Оның ішінде жалпы тәжірибелік дәрігерлер, жансақтау бөлімі дәрігерлері аса қат болып тұр. Елімізде медициналық білім беретін алты жоғары оқу орнының студенттері сол жерде жұмыс істеуге қалып қояды. Дегенмен шақырту арқылы жыл сайын дәрігерлерді қабылдап жатырмыз. Жаңадан науқастардың өтініштері мен арыз-шағымдарын қабылдайтын Call-орталық ашылады. Шамамен алдағы ақпан айында жұмысын бастамақ», – дейді Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Шағыров.
P.S.
Сонымен, «Бірінші байлық – денсаулық» десек те, аталған саладағы кемшін тұстар азаяр емес. Халықтан медициналық сақтандыруға қыруар қаражат ұсталғанымен, тегін медициналық көмектің берілуі көңіл көншітпейді. Мамандар тапшы, жауапкершілік жетіспейді. Қарапайым жұрт қиналса да, көп жағдайда ақылы медицинаға жүгінуді көбейткен. Мәселе қалай шешімін таппақ? Тиісті Денсаулық сақтау министрліктері мен басқармалар жағдайды реттеуді қолға алуы тиіс деген ойдамыз…
Абзал Алпысбайұлы