Каспий итбалығының өмір сүру жасы қысқарған. Ғалымдардың зерттеуінше, бүгінде итбалықтың бұл түрі 30 жасқа дейін өмір сүреді, көбі ақүрпек, яғни, күшік кезінде өледі екен. Аталған эндемикті зерттеп жүрген ғалым, этолог Әсел Баймұқанова мұның себептері мен оны сақтап қалу үшін не істеу керек деген сұрақтарға жауап берді.
Әсел Баймұқанова – Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері, этолог. Ол каспий итбалығын зерттеумен айналысатын әулеттен шыққан, әкесі, әпкесі мен ағасы да өмірін ескекаяқтыны зерттеуге арнаған. Өзі 10 жылдан бері итбалықты зерттеп жүр, бүгінге дейін 25-тен астам экспедицияға қатысқанын айтады.
Итбалықтарға жету оңай ма?
Ғалымның айтуынша, зерттеушілер экспедиция кезінде аралда 10-нан 30 күнге дейін жатады.
«Мониторингті тұрақты жүргізіп отырамыз. Итбалықтар жатқан жерге жету қиын, кейде ескі қайықпен қиын өткелдерден өтеміз, тіпті үш күн бойы жүретін кездер болады. Бір жерге тоқтап демалып алып, әрі қарай жүреміз. Олардың жатқан жерін тапқан соң жұмысты бастаймыз», – деп бастады сөзін Баймұқанова.

Оның командасы Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігіндегі қиын жатақтар мен тайыз жерлерге жетіп, итбалықтардың мекендеген орындарын зерттейді. Сонымен қатар, сүтқоректілердің қозғалысын, мінез-құлқын бақылайды. Фото, видео түсірілім жасайды, яғни, ғылыми зерттеумен қатар, жойылып бара жатқан эндемикті құтқару туралы кино түсіреді.
Бүгінде әлемде итбалықтың 33 түрі кездеседі, оның 19-ы нағыз итбалық, 13-і құлақты итбалық және бір түрі – морж. Каспийдегі түрі – нағыз итбалық санатына жатады әрі ол тек Каспий теңізінде ғана кездесетін сүтқоректі, сондықтан ғылым тілімен айтқанда, ол эндемик саналады. 2008 жылы Халықаралық табиғатты қорғау одағы оған «жойылу қаупі төнген» деген мәртебе берген, 2020 жылы Қазақстан оны Қызыл кітабына енгізді.
«Каспий теңізі – бірегей су айдыны. Бұл жабық, тұйық су қоймасы. Оның әлемдік мұхитқа шығатын жолы жоқ, осал тұсы осы. Дегенмен, Каспий жағасындағы ең ұзын жағалау Қазақстанға тиесілі. Оның ұзындығы 1400 км құрайды. Теңіздің өзі үш бөлікке бөлінеді: Солтүстік Каспий, Орта Каспий және Оңтүстік Каспий. Оңтүстік Каспий – ең терең бөлігі. Орта Каспий де терең, бірақ тереңдігі Оңтүстігіне жетпейді. Ал Солтүстік Каспий негізінен таяз. Айта кетерлігі, біз Каспий итбалығын Қызыл кітапқа 2020 жылы соңғылардың бірі болып енгіздік. Оның мұндай мәртебесі Каспий жағалауындағы барлық елде бекітілген», – деп толықтырды сөзін.

Әселдің айтуынша, итбалықтар қыста мұздың үстінде көбейеді. Олардың өмір циклі мұзға қатты тәуелді. Жүні қысқа болғанымен, тері астындағы қалың май қабаты оларды жылытады. Ақ мамықпен туылған ақүрпектер ана сүтімен қоректеніп, үш апта ішінде май жинай алады.
«Әрине, Оңтүстік Каспийдегі аралдарда көбейетін жағдайлар да кездеседі, бірақ бұл – сирек жайт. Менен «итбалықтан қандай иіс шығады?» деп жиі сұрап жатады. Одан теңіз бен балықтың, сосын өздерінің тіршілік қалдықтарының (экскременттерінің) иісі шығады. Негізі, бұнда тұрған ештеңе жоқ. Бұл – нағыз итбалықтың иісі. Сондай-ақ, жүні болғандықтан, олар түлеп отырады. Алдымен мұз үстінде, содан кейін аралдарға жүзіп барып, сол жерде түлеуін жалғастырады. Түлеп болғаннан кейін итбалықтар семіре бастайды. Яғни, олар май жинауы керек. Бұл тоңбау үшін қажет. Май олар үшін қуат көзі әрі сол арқылы олар жылынады», – деді этолог.
Теңіздің тартылуы мен итбалықтардың азаюы
Алайда қазіргі климаттың өзгеруі мен антропогендік әсерлер итбалықтың өмір сүру циклін бұзып, олардың мекендейтін жерлерін жойып жатыр. Қыстың жылынуы мен мұздың ерте еруі олардың көбеюіне қажетті субстратты азайтып жатқанын атап өтті.
«Қазақстанда теңіздің таяздануы – үлкен проблема. Бұл мәселе бәрін алаңдатады. Арал тағдырын өз көзімізбен көрдік. Енді, сол жағдай қайталана ма деп уайымдаймыз. Түрлі болжам бойынша, 2100 жылға қарай Каспий теңізіндегі су деңгейі 9-18 метрге дейін төмендеуі мүмкін. Егер бұлай болса, Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігі толығымен таязданып кетеді. Бұл неден болуы мүмкін? Шын мәнінде, бұл – антропогендік факторлар, яғни адам әрекеті теңіз деңгейіне қатты әсер етеді. Еділ мен Жайық өзендерінен ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қажеттіліктері үшін су ала берсе, түбі осыған әкелмек», – дейді ол.

Сонымен қатар мәселеге табиғи циклдердің әсері барын атап өтті.
«Теңіз қайта тола ма, білмейміз, себебі теңіз трансгрессия мен регрессияға ұшырап отырады. Трансгрессия – бұл су деңгейінің көтерілуі. Қазір регрессия кезеңі жүріп жатыр, яғни бұл – су деңгейінің төмендеуі. Көптеген ғалым әлі де үміт бар екенін, трансгрессия кезеңі келетінін, тек күту керектігін айтады. Алайда, басқа ғалымдар соңғы кезде антропогендік қысымның, яғни суды көп алу мен климаттың өзгеруінің әсері тым күшті екенін ескертіп келеді. Сондықтан біз осындай қиындыққа тап болып отырмыз. Каспий итбалығының ең үлкен жатақтары теңіздің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. 1930 жылдан бастап су деңгейінің төмендеуінің әсерінен көптеген жатағы жойылып кеткен. Қазір итбалықтардың бұрын мекендеген аймақтарының да жақын арада жойылып кетуі мүмкін екенін байқап отырмыз», – деді ғалым.
Бұған қоса, ол итбалықтардың азайып жатқанына назар аударды. Мәселен, ғалымдар XX ғасырда ондағы итбалықтардың саны миллион болғаны туралы дерек тапқан. Қазір 100 мыңнан 300 мың аралығында қалды деген дерек келтірді.
Итбалықтардың 98%-ы Қазақстанды мекендейді
«Мәселен, 2009 жылы Кендірлі аймағында 30 000 итбалық мекендеген болса, 2019 жылы олар шағын топтарға бөлініп, айналасы шөлге айналды. 2021 жылы сол жерге жету үшін 7 шақырым жаяу жүруге тура келгенде, олардан еш із қалмағанын, орнына тек шөл дала пайда болғанын көрдік. Күн қаншалықты ыстық болса да олар өз күштерімен теңізге жетуге тырысады, бірақ су бірнеше шақырымға алыстап жатыр. Сол себепті олар күн сәулесінің астында қалып жатады. Бұл өте көп энергияны қажет етеді және олардың өліміне әкелуі мүмкін», – деп толықтырды сөзін.
Ғалымның сөзінше, 2015 жылдан бері қазақстандық ғалымдар каспий итбалығын тұрақты зерттеп келеді, бүгінде сүтқоректілерді қай жерден кездестіруге болатынын біледі.
«Олардың көбін Солтүстік Каспийде кездестіруге болады. Енді итбалықтардың жанында жаңа аралдар пайда болды, мысал ретінде Орта Каспий мен Кендірліні айтуға болады. Жалпы, Қазақстан итбалықтарды сақтауда үлкен рөл атқарады. Себебі бүгінгі есеп бойынша 98%-ы көктем мен күз мезгілінде Қазақстанды мекендейді. Сондықтар оларды сақтап қалу үшін бізге үлкен жауапкершілік жүктелген», – деді этолог.
«Көбі ақүрпек кезінде өледі»
Сондай-ақ, кейіпкеріміз қазақстандық ғалымдардың итбалықтарды қалай зерттейтіні туралы да айтып берді. Айтуынша, биыл итбалықтың 137 нәжісін жинаған. Сол арқылы не жейтінін білуге болады.
«Сондықтан мен итбалықтың нәжісін жинағаныма ұялмаймын. Ол бізге, ең алдымен, сүтқоректінің немен тамақтанатынын анықтауға көмектеседі. Балықшылар итбалықтарды балықты жеп қояды деп жақтырмайды. Олар шынымен балықшыларға бәсекелес бола ма? Осы сұрақтың жауабын табу үшін алдымен итбалықтардың немен қоректененін анықтауға тырыстық. Соның көмегімен кішкентай шабақ пен майшабақ жейтінін білдік. Әрине үлкен балықты да жейді, бірақ ересектері ғана. Итбалықтар мекендейтін Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігінде шабақ көп», – дейді ол.

Зерттеулер ғалымдарға теңіз жануарының өмір сүру ұзақтығын анықтауға да мүмкіндік беріп жатыр. Ғалымның сөзінше, итбалықтар 50 жасқа дейін өмір сүргені туралы тарихи деректер бар. Алайда, қазіргі отандық ғалымдардың зерттеулері олар 30 жасқа дейін өмір сүретінін көрсеткен.
«Қазір іс жүзінде ересек итбалықтар өте аз. Ең өкініштісі, олар көбінесе ақүрпек кезінде өледі. Қыстан аман шыға алмайды. Көктемде өлім-жітімді тексеруге барғанда, көптеген өлі күшік көреміз. Бұл біз жүргізетін ең қайғылы зерттеу, өйткені олардың тіршілік ету ортасының қалай деградацияланатынын және популяцияның қалай азайып жатқанын байқаймыз», – дейді Баймұқанова.
Олардың азаюына адам да үлес қосып жатыр деп есептейді этолог. Мәселен, итбалықтар ауға түсіп қалатын жағдайлар кездеседі. Сонымен қатар қыс мезгіліндегі кеме қатынасы мен теңіздің ластануының әсері бар.
«Теңіздің ластануы үлкен проблема, Каспий итбалықтарының денсаулығында үлкен рөл атқарады. Өйткені иммунитеті төмендегендіктен, теңіздің ластануына байланысты олар жиі ауырады. Біздің институт 2017 жылдан бері жыл сайын өлім-жітім мониторингін жүргізіп келеді. Өлі жануарлар жатқан жерлерге барамыз. Теңіз сүтқоректілерін зерттеу үшін бізге жаңа үлгілер қажет. Өлекселерде үшінші және төртінші ыдырау кезеңі болғанда одан зерттеу үшін үлгі алу мүмкін емес. Біз сынама алған жануарларда өлім-жітім вирусқа байланысты болғанын көрсетті. Мысалы, нейровирус және бұған дейін құс тұмауы кездесті. 1999-2000 жылдардағы өлім-жітім ит тұмауынан болғаны туралы дерек бар. Біз бұны изовирус деп айтпаймыз. Өйткені, өлім-жітім ластанудан туындайды, себебі итбалықтардың иммунитеті төмен. Өлім-жітім көрсеткішінің бір ғана себебі бар деу қиын, ол балық өсіру, теңіздің тартылуы, кеме қатынасы сияқты бірнеше фактордың жиынтығы», – дейді Әсел Баймұқанова.

Ғалымның сөзінше, жыл сайын өлетін итбалықтардың нақты санын айту қиын. Мысалы, былтыр күзде Қазақстанда 2 мың бас итбалықтың өлексесі анықталған. Оған дейін Махачкала жағасында 10 мың бас тіркелген. Аталған эндемикті зерттеу мен оны сақтау үшін Каспий жағасындағы мемлекеттер бірлесіп жұмыс істеуі керек деп есептейді. Айта кетсек, Қазақстанда Каспийді зерттеу бойынша мемлекеттік институт құрылып жатыр. Алайда этолог одан жылдам нәтиже күтуге болмайтынын, ең алдымен жан-жақты зерттеу жүргізу қажет екенін жеткізді.
Айнұр Шошаева
BM.KZ
Астана
