Сұқбаттасқан: Төлен Тілеубай. «Астана ақшамы» газетінің бас редакторының орынбасары
«Қазақстанда су шаруашылығы мамандары өте аз» деген еліміз үшін ең өзекті мәселені осыдан 8 жыл бұрын көтеріп, саладағы сарапшы-мамандармен сұхбаттар сериясын жасап, қоғамдық пікірдің талқысына салған едім. Алайда арада осыншама уақыт өтсе де, «баяғы жартас бір жартас» күйінде тұр. Жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, осы саланың білікті маманы Әлімжан Құртаев Үкімет басшысы Ә.Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап, су шаруашылығы саласындағы ең түйткілді, толғағы «жеткен» мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсынды. Қазіргі таңда әлемдегі нөмірі бірінші мәселеге айналған су қауіпсіздігі жайында халық қалаулысымен ашық сұхбаттасып, көкейтесті мәселелерге терең үңілген едік.
Мелиорация және су шаруашылығы министрлігін құру керек
– Әлімжан Сейітжанұлы, соңғы жылдары елімізде трансшекаралық өзендердің тартылып, су мөлшерінің азайып бара жатқандығы жиі-жиі айтылып жүр. Су азайса, ауыл шаруашылығына қыруар зиян келеді. Қазір бізде тіпті өзендердің қайсысында қанша су қалыптасатыны жөнінде нақты мәлімет жоқ. Өйткені оны жинайтын су мамандары жетіспейді. Судың стратегиялық жағынан маңызын, тұтастығымыздың негізін құрайтынын түсінбегендіктен су шаруашылығын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағына бердік. Мемлекет үшін стратегиялық маңызды мәселеге неге бұлай немқұрайдылықпен қарап отырмыз?
– 1992 жылы Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі таратылған сәттен бастап су шаруашылығының жағдайы біртіндеп нашарлай бастады. Негізінен, бөгеттерді, суармалы жерлерді ұсақтау арқылы ойланбай жекешелендіру, бұрын суарылған алқаптардың 1,2 млн гектардан астамын жоғалтуға әкеп соққан инфрақұрылымның бұзылуы және тұтастай алғанда, саланы орталықтандырылған кешенді басқарудың жоғалуы көптеген мәселелердің пайда болуына жол ашып берді. Су ресурстарын басқарудың қазіргі ұйымдастыру құрылымы Қазақстанның су шаруашылығындағы пісіп-жетілген проблемаларды шешпейді. Бұл нашар басқаруға, халықаралық аренадағы позициялардың жоғалуына, сумен қамтамасыз етудің жоғары трансшекаралық осалдығына, су қауіпсіздігінің қазіргі заманғы және болашақ қатерлеріне кепілді, барабар болмауына алып келеді. Мәселен, қазіргі уақытта гидротехникалық құрылыстардың (бұдан әрі – ГТҚ) техникалық жай-күйі, олардың көпшілігінің апаттық жағдайда болуы алаңдаушылық туғызуда.
1991 жылы Қазақстанның су саласында республиканың 2,3 млн гектар суармалы жеріне қызмет көрсететін суды жобалау, құрылыс жүргізу, суды пайдалану, бассейндік ұйымдарда 38500 су маманы жұмыс істеген. Яғни, алаңның әрбір 1000 гектарына 17 маманнан келген! Енді салыстыру үшін айтайын: қазіргі кезде осы салада шамамен 5 000 ғана қызметкер бар! Яғни, алаңның әрбір гектарына 3 қызметкерден келеді. Бұл –нонсенс!
Сондай-ақ алдымызда ГТҚ қауіпсіздігін уақтылы декларациялауды қадағалаудың тиімділігін арттыру міндеті тұр. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, аталған проблемаларды тиімді шешуге мүмкіндік беретін дербес орган құру қажеттілігі туындап отыр. Яғни, Қазақстанда су шаруашылығы жөніндегі жеке уәкілетті мемлекеттік орган құрылуы керек. Құзырлы орган ирригациялық және дренаждық жүйелерді, жайылымдарды суландыру және ауыл шаруашылығын сумен жабдықтау құрылыстарын, әртүрлі мақсаттағы бөгеттерді қоса алғанда, су нысандарының барлық түрлерін жобалауды, салуды және пайдалануды басқаруды және бақылауды қамтамасыз етуге тиіс. Бір мысал келтірейін. Елімізде 1991 жылы 21,9 млн гектар жалпы егіс алабының 7 пайызын суармалы жерлер алып, егін шаруашылығы өнімдерінің 40 пайызға жуығын берді. 1991 жылы Қазақстанның су саласында республиканың 2,3 млн гектар суармалы жеріне қызмет көрсететін суды жобалау, құрылыс жүргізу, суды пайдалану, бассейндік ұйымдарда 38500 су маманы жұмыс істеген. Яғни, алаңның әрбір 1000 гектарына 17 маманнан келген! Енді салыстыру үшін айтайын: қазіргі кезде осы салада шамамен 5 000 ғана қызметкер бар! Яғни, алаңның әрбір гектарына 3 қызметкерден келеді. Бұл – нонсенс! Ұлттық қауіпсіздігіміздің құрамдас бөлігі – су қауіпсіздігіне бұлай немқұрайдылықпен қарамауымыз қажет.
– Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтан осы депутаттық сауалыңызға жауап келді ме? Оған қанағаттандыңыз ба?
– Иә, депутаттық сауалға жауап алдым. Бірақ толық қанағаттанарлық жауап болмады.
Мәселені білікті инженер шешеді
– Айтыңызшы, су саласындағы кадр мәселесін шешуге неге құлықсыздық танытып келеміз? Мысалы, Қытайда Су шаруашылығы министрлігіне тікелей бағынатын Жобалау институты бар. Су шаруашылығын өте терең білетін мамандар бірлескен комиссияның құрамында, сарапшылар тобында тұрақты жұмыс істейді. Ал бізде сала түгілі, «Су жайында не білесің?» деген сауалға жауап бере алмайтын адамдар су комитетінде, құзырлы министрлікте жұмыс істеп жүр. Бұл мәселені жедел шешудің қандай жолы бар?
– Мен 1980 жылы Жамбыл гидромелиорация институтын бітірдім. Бұл жоғары оқу орны 1962 жылдан бастап су шаруашылығына қажетті инженерлерді дайындап келген еді. 1998 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институты облыстық педагогикалық және технологиялық институттармен біріктіріліп, солардың негізінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті құрылды. Бір өкініштісі, қазіргі кезде бұл университетте «Гидротехникалық құрылыс», «Сумен жабдықтау және кәріз» және басқа да инженерлік мамандықтарды дайындамайды. Оның орнына су саласының қызметкерлерінің қойылатын біліктілік талаптарына жауап бермейтін «Су ресурстары және суды пайдалану» деген мамандық енгізілді. Бүгінгі таңда 9 жоғары оқу орны лицензия алып, су шаруашылығы саласындағы мамандарды даярлауда. Алайда инженерлік дайындық деңгейінің төмендігіне байланысты олардың түлектері сұранысқа ие емес және өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мұндай шындықты мойындауымыз керек! Жаңадан құрылған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осы мәселеге назар аударып, мемлекет бюджетінен білім беру гранттарына қаражат алатын аталған оқу орындарына тексеріс жүргізгені жөн. Менің ойымша, материалдық-техникалық базасы және су шаруашылығы мамандарын сапалы даярлау үшін жеткілікті кадрлық әлеуеті жоқ жоғары оқу орындарының білім беру гранттарын алып тастау қажет. Өйткені қазір су нысандары мен гидротехникалық құрылыстарда жобалауға, құрылыс және нысанды пайдалану жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуге қабілетті мамандар жетіспейді. Бұдан бөлек, су саласын дамыту бойынша индикаторлар көзделген «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында кадрмен қамтамасыз ету және ГТҚ дамыту мәселелері ескерілмеген. Осыған байланысты су саласының кадрларын даярлаудың бұзылған жүйесін қалпына келтіру мақсатында Қазақстан Республикасының Су шаруашылығы академиясын құруды ұсынамын. Бұл академияда бакалавр, магистр және PhD дәрежесі бар мамандар даярлауды шоғырландыруға болады. Жаңа оқу ордасын Тараз өңірлік университетінің құрамынан шығарып, бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институты негізінде қалыптастырған абзал. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына су саласында кадрлар даярлау және ГТҚ-ның техникалық жай-күйін жақсарту сияқты нысаналы индикаторларды қосу арқылы өзгерістер енгізу керек. Су саласының білікті инженерлерін дайындамай біз осы салада жылдар бойы жинақталған проблемаларды шеше алмаймыз.
Заңнамалық базаны жаңартатын уақыт келді
– Әлімжан Сейітжанұлы, 2003 жылы қабылданған Су кодексіне 65 (!) рет өзгеріс енгізіппіз. Енді Үкімет жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеп жатқан көрінеді. Сонда ескі кодекс толықтай жойылып, жаңа кодекс қолданысқа енгізіле ме? Елімізде су саласының заңнамалық базасы жаңармағанына қанша уақыт болды?
– Су секторындағы бүгінгі қалыптасқан жағдай қазіргі заманның талабына сай келетін нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу және су саласының білікті кадрларын даярлау жолымен мемлекеттің су шаруашылығы саясатын түбегейлі жетілдіруді талап етеді. Ең алдымен, бұл қазіргі заманғы шынайылыққа жауап беретін нормативтік-құқықтық базаны әзірлеуге және су саласының білікті кадрларын даярлауға қатысты. Қазіргі уақытта 2003 жылы қабылданған Су кодексі қолданылады. 19 жылда оған көптеген түзетулер енгізілді (65 рет!). Сонымен қатар, Су кодексі су шаруашылығы құрылыстарын жобалаудың, салудың және пайдаланудың техникалық мәселелерін регламенттемейді. Бұл мәселелер әртүрлі құрылыс нормалары мен ережелерімен, министрліктер мен ведомстволардың бұйрықтарымен реттеледі. Ал гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселелері арнайы заңмен регламенттелуі тиіс. Бүгінгі таңда «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы» Заң әлемнің көптеген елдерінде қабылданған. Мысалы, Өзбекстанда «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы» Заң ГТҚ-ті жобалау, салу, пайдалануға беру, пайдалану, реконструкциялау, қалпына келтіру, консервациялау және жою кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде туындайтын қатынастарды реттейді. Осыған ұқсас «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы» Федералдық заң Ресей Федерациясында да қолданылады. Бізге де су саласының заңнамалық базасын жаңартып, «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы» Заң қабылдау қажет.
Нариман ҚЫПШАҚБАЕВ, Қазақстанның бұрынғы Су шаруашылығы министрі, гидротехник:
– Кезінде Су шаруашылығы министрлігін жойдық. Министр болатын адамға «Су жайлы не білесің?» деген сұрақ қоймайды. Жылда өзгертеді. Қытай мен Қазақстан 24 өзеннің суын бөліседі. Орта Азия елдерімен бір-екеуден ғана. Қазір келіссөз жүріп жатыр. Бірақ судың жайын білмейтін маман емес адам миллиард халқы бар Қытаймен қалай сөйлеседі? Өзім сол комиссияның мүшесімін. Оларға қалай сөйлесу керектігін түсіндіремін. Келіссөзге баратындар ештеңе білмейді. Мемлекет осыны ойлауы керек. Келіссөзге баратындардың арасында Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серік Қожаниязов қана бар. Оның алдында қызметте болған Ерлан Нысанбаев – орман инженері, оған дейінгі Ислам Әбішевтің де мамандығы басқа. Бәрі жақсы жігіттер, бірақ судың жайын, келіссөз жүргізуді білу керек. Өзбек пен қытайдың көзіне қарап, не ойлап отырғанын біліп, өз ұстанымыңды есеппен дәлелдеген жөн. Жазып берген қағазды мінберден сыдыртып оқып шығумен шектелу жарамайды. Қазақстан содан зардап шегіп отыр. Мемлекеттің негізі – жер мен су. Бұл екеуі – тіршілік көзі. Осыны айта-айта шаршадым.
Саят ӘЛІМҚҰЛОВ,
География және су қауіпсіздігі институты
басқарма төрағасының орынбасары:
– Су ресурстары комитетінде кадрлар жеткіліксіз. Құзырлы комитет мемлекеттік орган ретінде осының бәрін қадағалайды. Алайда менің байқағаным, сарапшылар тобының кездесуіне осы мәселелерді білетін 2-3-ақ адам барады. Қалғандары істі терең білмегендіктен араласуы қиын. Ал Қытай елінің Су шаруашылығы министрлігіне тікелей қарайтын арнайы жобалау институты бар, яғни қандай тұрғыдан болса да, құзыретті органның жұмыс күші жеткілікті. Тағы үлкен мәселенің бірі – біздегі бірлескен комиссияның және сарапшылар тобының жетекшілері көп алмасады. Көбінесе олар бұл саланың маманы болмағандықтан, бірден тақырыпты терең игере алмайды. Енді игеремін дегенше ауысып кетеді. Қытай жағынан байқалатыны, сарапшылар тобының басында да, бірлескен комиссияда да су шаруашылығын терең білетін мамандар отырады.