Экс-министр Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесін қиған республикалық бас мешіттің имамы Қанат Қыдырминге қатысты тәртіптік шара қолданылды. Бұл туралы мүфтияттың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Мәлімдемеде айтылғандай, 2022 жылдың 17 қазанында Астана қаласындағы Республикалық бас мешітте Қ.Бишімбаев пен С.Нүкенованың өтініштері бойынша куәгерлердің қатысуымен некесі қиылған. Екеуінен және олардың туыстарынан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде «жасалу үстінде» деп жауап берген.
Олардың некесін қиған республикалық бас мешіт имамы Қ. Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалған.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жарғысына сәйкес ҚМДБ-ның ресми діни қызметкерлері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында жұмыс істейді. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 2-бабының 3-тармағында тек мемлекеттік органдар қиған неке (ерлі-зайыптылық) ғана мойындалатыны белгіленген. Осыған орай ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібінің тиісті талабына сәйкес мешіт қызметкерлері неке қию рәсімі алдында болашақ ерлі-зайыптылардан Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті талап етеді.
2022 жылдың 17 қазанында Астана қаласындағы республикалық бас мешітте Қ. Бишімбаев пен С. Нүкенованың өз өтініштері бойынша куәгерлердің қатысуымен болашақ ерлі-зайыптылардың некесі қиылған. Аталған азаматтардан және олардың туыстарынан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде «жасалу үстінде» деп жауап берген. Сонымен қатар дәстүрге сай екі жақтың ата-аналарының батасы мен рұқсатын алғанын, салт-дәстүр жолымен некелерін қиып беруін өтінген.
Аталған азаматтардан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпеген, яғни ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзған республикалық бас мешіт имамы Қ. Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы АХАТ бөлімінде ресми тіркелмей немесе мұсылманша неке қиылмаған «азаматтық неке» зина болып саналатынын мәлімдейді. Жоғарыда аталған теріс сипаттағы «азаматтық некенің» шариғаттағы үкімі – харам. Мұсылман баласы арты опық жегізетін мұндай ауыр әрі лас күнәдан аулақ болуы тиіс», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, Бишімбаев пен оның марқұм әйелі Нүкенова заңды түрде некелеспеген. Бірақ, олар екі рет бір мешітке барған және екі рет бір имам мұсылманша некесін қиған. Бұл туралы Бишімбаев ісіне қатысты сотта айтылды.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ресми тіркеусіз мешітте неке қиюды заңсыз әрекет деп есептейтінін мәлім еткен еді.