Қостанай облысында су тасқыны салдарынан 981 бас төрт түлік арам қатқан. Бүгінде 780 бас малдың бағалау есебі дайындалып, иелеріне 113 млн теңгеден астам қаражат төленген.
Атап айтсақ, Амангелді ауданында 246 бас малға 46,4 млн теңге, Жангелдин ауданында 35 бас малға 10 млн теңге, Арқалық қаласында 499 бас малға 56,9 млн теңге берілген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қостанай облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Бекет айтты.
Төлемдер ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген су тасқынынан шығын болған ауыл шаруашылығы жануарларының құнын өтеу жөніндегі алгоритмге сәйкес жүзеге асырылады. Алгоритмге сәйкес, мал өлексесінің бар-жоғы, құлағындағы сырғаның бар болуы міндетті емес. Бастысы мал «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» базасында тіркелсе жеткілікті.
«Малдардың кімге тиесілі екенін анықтау қажет болған жағдайда 3 куәгерді тарта отырып, ауыл шаруашылығы жануарының су тасқынынан болғаны туралы комиссиялық акті және утилизация туралы акті жасалады. Сондай-ақ мал өлексесі бар болып, бірақ құлағында сырғасы болмаса немесе мал өлексесі табылмаса, «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» базасында тіркелмеген болса өтемақы басқа қаржы көздерінен қамтамасыз етіледі», – деді Бауыржан Бекет.