Жайық өзенінен Атырау маңындағы Соколок каналына су келе бастады. Атырау облысында Жайық өзенінен бастау алатын 15 магистралды канал бар. Соның бірі – Атырау қаласының маңындағы Соколок каналы.
Облыс әкімінің тапсырмасымен Жайық өзенінің суын осы канал арқылы Каспий теңізіне бұру жоспарланып отыр. Бұл каналдың негізгі ұзындығы – 32 шақырым.
Каналдың табанын тазалау, жағалауын бекіту жұмыстарының үйлестірушісі Олжас Сұлтановтың мәліметіне сүйенсек, Соколоктың су өткізу қуаты секундына 100 текше метрді құрайды.
«Басты мақсат – Жайық өзенінің Атырау қаласына қарай ағатын мол суын азайту. Осы мақсатта мұнайлы шаһарды айналып өтетін Соколок каналының мүмкіндігін пайдалану көзделді. Өйткені, бұл канал Жайық өзені мен Каспий теңізінің аралығын жалғастырып жатыр. Бұл – каналдың басты ерекшелігі. Бастапқы жоспарға сәйкес қолданыстағы каналдың жағалауын бекітуді қолға алдық. Кейін жағдайды зерделеп, ескісімен қатарластырып, жаңа канал қазу туралы шешім қабылданды. Себебі ескі каналдың көп жері батпақ, техниканың жұмысына қиындық келтірді», — дейді Олжас Сұлтанов.
Оның айтуына қарағанда, жаңа каналдың жағалауына барлық стандартқа сәйкес нығыздалған бөгет тұрғызылған. Бөгеттің биіктігі – Балтық межесі бойынша 21 метр. Ал еңіс тұстардың бәріне геодезиялық өлшем жүргізіліп, арнайы белгімен реттелген.
«Атырау-Доссор жолындағы көпірге дейінгі бөгет көтерілді. Соколок каналының түбі тереңдетіліп, тазартылды. Жаңадан қазылған ұзындығы 24 шақырымдық канал дайын», — деді Олжас Сұлтанов.
Бүгін, 24 сәуірде Соколок каналына су келді. Қазір каналдағы су деңгейі 5 сантиметрге көтерілген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауға тасқын судың көп бөлігі мамыр айының басында келуі мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.