Алматыда үш адамның өліміне әкеп соққан жол апатына кінәлі № 47-бағыттағы автобустың жолаушысына қатысты сот үкімі шықты.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 351-бабының 3-бөлігі және 293-бабының 1-бөлігі бойынша Ахметжановқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот Дархан Ахметжановты 8 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
25 сәуір күні прокурор соттан Д. Ахметжановты кінәлі деп танып, оны сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Бұған дейін сотталушы Ахметжанов 293-баптың 1-бөлігі («Бұзақылық») бойынша ғана кінәсін мойындап, адамдардың өліміне жүргізушіні кінәлаған болатын.
Айта кетейік, ҚР Жоғарғы Соты Алматыдағы автобус апатына қатысты кезекті сот отырысын тікелей эфирде көрсету туралы шешім қабылдады. Сол себепті кезекті сот отырысының онлайн трансляциясы Жоғарғы Соттың YouTube-каналында көрсетілді.
Еске салсақ, өткен жылы желтоқсан айында Алматыда № 47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішінде Дархан Ахметжанов жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан әйел есінен танып, көлікті басқара алмай, аялдамада тұрған бір топ адамды қаққан. Апат салдарынан 7 адам зардап шегіп, 3 адам қайтыс болды.
Осыған байланысты соттталушы Дархан Ахметжановқа қатысты сот отырысы биыл 20 наурызда басталған еді.