Қазақ ұғымындағы жеті жұт:
1. Топан су — ел мен жерге жұт
2. Қуаңшылық — егін-шөпке жұт
3. Өрт — мал мен басқа жұт
4. Оба — жалпы жұртқа жұт
5. Соғыс — қарғыс атқан қанды жұт
6. Зелзала — жер мен елге тегіс жұт
7. Қарлы боран — қара құйын — малға келген қырғын жұт
Қазақ халқы — көрген түсін де, кірген жылын да жұтқа емес, құтқа санап, алдағы жақсы күндерден жақсылық күтеді. Түсін жақсылыққа жориды, кіген жылын құтқа бағалайды. Бұл халықтың ұлы үміткелік рухының жарқын көрнісі деуге болады.
Ал ел мен жерге, жан мен малға жойқын апат әкелетін, тосыннан туылатын, халықтың тіршілік — тұрмысына ауыр зиян салып, залал жеткізетін жаратылыс пен тәбиғат құбылысынан болатын «Топан су», «Қуаңшылық», «Өрт», “Соғыс”, “Оба”, “Зелзала”, “Қара дауыл- қара құйын” сынды құбылыстар мен алапаттарды “Жеті жұт” не “Тілсіз жау” деп атаған.
Қазақта “Жұт жеті ағайынды, бірінен кейін бірі келеді”, қабаттсып, қаптап келетін “Жеті жұттан сақта, қақаған қарлы қыстан сақта”, “ Жұт жетеу — серігімен сегіз, сергелдеңімен тоғыз, ойранымен он, құтты жерді таңдап қон”, “Жұрт артынан жұт келсе, ойран болар, топан судан көп мал-жан құрбан болар” деген тәмсіл бар. “Апат- салақ пен олаққа үйір, жалқау болмай апатқа қарсы жүгір” деп тағы айтады. Жұт жұтықсызға жүреді. зардабы күллі адамға тиеді деп сенеді.
Бұл сөз тіркестері жайдан жай айтылмаған. Адам не тапса ниетінен табады. Адамдардың пиғылы бұзылғада, ниеті қарайғанда, берекесі қашқанда, опадарлықтан айырылса, уәдеде тұрмаса, иманы мен ибасы әлсіресе, тоқшылық қадірін білмей сән салтанатқа орынсыз берілсе, күштілер әлсізді басынып қорласа, ұрпағы азса, дұрыс жолда жүрмесе, бір-бірін өсектеп, жазықсыз жала жауып қараласа, туыстарынан қол үзіп өшесіп алыстаса, бірін-бірі алдап-арбап залымдық жасаса, салақтық- жалқаулық басса, жүректен мейірім кетсе тәбиғатты қорғамаса, жер бетінде күнәлі істерді көп істелсе сол жерде, сол елде жұт жүреді, апат туындайды деп ырым еткен.
Сондықтан мұны жақсы білетін қазақ халқы табанының астындағы қасиетті қара жерді де қара табанымен аяп басып жүретін болған. Жеріміз бен елімізге апат келмесін деп береке бірлікте болып, жүректегі мейірімнен айырылмайтын, бір-бірін аялайтын “Малым-жанымның садақасы, жаным-арымның садақасы” деп өмір сүретін болған.
Дана халқымыз жұт жеті ағайынды деп тек айтпаған. Топан су қаптаған өңірде:
1. Жер қыртысы өзгереді. Сосын ол жерге біраз жыл шөп пен егін көктемей қысырап қалады.
2. Топан су басқан жер ауыр ластанады да, ауасы бұзылып жұқпалы ауыру тарайды.
3. Ол жерде жер өңінен айырылып, мекен еткен елді кедейлік жайлайды.
4. Құрғақшылық жүз беріп, қуаңшылық жүреді.
5. Ол жердегі елдің рухани көңіл күйі түсіп, уайым басады.
6. Апат айтып келмейді, қайтып келеді деп елді үрей басады.
7. Жұт жүрген жерде жұрт бұзылады.
Міне, бір апаттың артынан осындай зардаптар ілесіп жүреді. Соған қарап ” Жұт жеті ағайынды” деп тұжырым жасаған. Жеті жұттың артыеан жеті жұт еріп жүрсе, жеті-жеті қырық тоғыз жұт “Алапат жұт”деп есептеген.
Жұт қанша жылда қайталанады?
Қазақтың байырғы аспан есепшілері жұт 7-12-13-25-40-50- 60- 80-100 жылда қайталап келеді деп болжаған. “Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа” , “Жеті жылда жұт жүрсе, артынан еріп құт жүреді” деген тәмсіл бар. Осы тамсілдің тасасында “Қыс артында көктем бар” деген ұғым содан қалған. “Алла бір ауыр сынақ жіберсе, артыннан жүз жақсылық жібереді” деп үміттенеді. Сосын жұттан сақтанған халқымыздың наным-сенімге байланысты көп ырым-тиымдары бар. Соның бірі қазақтың жұртын жұтатпау. Қонған жұртын таза сақтау, айналасын ластамау, көшкенде жұртына ақ сүйек қып сүйектерді шәшіп кетпеу, жерді терең қазып көміп тастау сынды ырымдары болған. Оны — “Жұрт әдебі”, “Жұттан сақтану тәсілі” деп атаған.
Егер, көшкен жұрты жұтап жатса, “Мынау кімннің жұрты?”, “Тексіз екен” деп сөгеді. “Бір ағаш ексең , халыққа салған қорғаның, бір ағаш кессең, орманға салған ойраның”, “Ағаштан жеміс күтсең,бұтағын сындырма. Ұрпағыңнан үміт күтсең, сағын сындырма” деп тәбиғатты да ұрпағын да аялай білген. Тәбиғат ашуланса, жұтап жұт келеді. “Тәбиғат құлпырса, гүлдеп құт қонады” деп ырым етеді. Қазақта “Жеті жұртымды жеті жұттан сақта” деген киелі бата сөзі осындай ғұрыпты сеніммен байланысты қолданылған.
Қазақ жұттан қалай сақтанған?
Жар басына қонбаңыз,
Дауыл соқса, үй кетер.
(Бұхар жырау)
Бұхар жыраудың екі тармақ өлеңінен өте көп нәрсені аңғауға болады. Ерте ғасырларда қазақ арасында тәбиғат сырын жақсы білетін, ауа райы өзерісін алдын ала болжап айтып отыратын арнайы маман есепшілер болған. Олар атқан таңға, батқан күнге, туған айға, шыққан күнге, жымыңдаған жұлдызға, ұшқан құсқа, аққан суға, өскен нуға, ағылған аңға, соққан желге, жөңкіген бұлтқа, көшкен тұманға, қайтқан қазға, оралған құсқа, жыбырлаған жәндікке, өрістеге малға қарап жылма жылдық ауа райын болжап, туылатын апаттарды күн ілгері айтып, жұртты одан бұрын болатын апаттан сақтануға шақырып отыратын болған.
Жаз болса, үйлерін, қора қопсақтарын сел жетпейтін биік дөңдерге тігіп, қора қалтқыларын биік жерге салып, топан су апаттарынан аман қалып отырған. Қыс болса, қапсағай қалың қар мен сақылдаған сары аяздан алдын ала сақтанып, омбылап қар түсуден, суық келуден бұрын азық-түліктерін жеткілікті етіп дайындап, үйлерін қалыңдап жылылап, қыстық киім кешектерін әзірлеп, малдың жем-шөп қорларын молынан жинап, мал қораларын бүтіндеп апатқа қарсы сақадай сай тұратын болған.
Ал апратқа ұшырай қалса, “Жұмыла көтерген жүк жеңіл”, “Көрші хақысы- тәңір ақысы”, «Күш — бірлікте, береке жүректе” деп, бүкіл ел болып жиналып апатқа ұшыраған ауылға “Асар” беріп, “Жылу жинап” көмек көрсетіп көпестік танытатын болған. “Қолдау”, “Сүйеу”, “Демеу”, “Мал аттау”, “ Көмек көрсету”, “Шүлен салу”, “Көп біріксе көл болар, болашаққа жарқын жақсы жол болар” деген дәстүрлерді жалпы қауым болып бірлесе атқарып, ақсақалдар бас болып, жастар жағы жар болып жұттың жұғынын қалтырмай жойып тастайтын жақсы салт, әдемі дәстүр болған. Соның нәтижесінде ауыл адамдарының берекелері артып, апатқа ұшырағандар дер кезінде серпіліп, жағдайлары оңалып шыға келетін болған.
Міне бұл ұлы далада өскен ұлы қазақ халықының уыздай ұйыған ұлы берекесі болып табылады. “Берекенің алмайтын қамалы, жеңбейтін қыйындығы болмайды” деп ел болып өмір сүрудің, жұмыла тіршілік етудің даңғыл жолы — бірлікте, берелі өмірде екенін баяғыда-ақ түсінген. Оны асыл салт, құнды дәстүрге айналдырып, артқы ұрпақтарына мәңгілік өшпес асыл мұра етіп қалтырып кеткен. Бүгінгі батыс Қазақстанда болып жатқан топан суға қарсы жұмыла жәрдемдесіп жатқан халқымыздың асыл қасиеті сол бабадан қалған құдіреті күшті дәстүріміздің ұлт ұрпғы бойындағы биік көрнісі мен ұл болмысы болып табылады.
Қазақ жұт жетеу деп атағанымын жұтың түрі өте көп:
1. Ашаршылық
2. Қаркөшкін
3. Таукөшкін
4. Жоқшылық
5. Берке кету
6. Қара құйын
7. Індет
8. Дұлей дауыл
9. Қарлы боран
10. Қаптаған қара шегіртке
11. Өрімекші басып кету
12. Жылан қаптау
13. Су тартылып қалу
14. Аптап құғақ ыстық болу
15. Астық өнбей қалу
16. Шалғын шықпай қалу
17. Қар басып қалу
18. Мал мен аң қырылып қалу
19. Өлім-жітім көбеу
20. Мал мен жан жұтау
21. Шегіртке басып кету
22. Оба тарау
23. Мал қырылу
24. Аң қырлыу
25. Құс қырылу
26. Су тартылу
27. Астық өнбай жұтап қалу
28. Топан су қаптау
29. Өрт апаты болу
30. Соғыс
31. Зелзала
32. Тау көшкіні
33. Қар көшкіні
34. Тышқан апаты
35. Жылан қаптау
36. Қарға қаптау37. Торғай апаты
38. Құйын апаты
39. Қызыл су басу
40. Сауын мал суалу
41. Мал індеті
Сынды адам баласы мен малға, жерге келетін апттарды да 40 жұт дейді. Соған қарап ол жұттардың қай жылы келгеніне бағып, ол жылыды — “Жұт жыл” деп атаған. “Жүттың басы-Нұх топаны” деп есептеген.
Ежелгі қазақтың аспан есепшілері жыл нысандарын бағып, ауа райын үздіксіз зер сала тексеріп отыратын болған. Жаз райын қыстағы жауған қардың қалың-жұқалығына қарап, жаздағы жауатын жауын-шәшіннің мөлшерін анық мөлшерлеп айтып, одан туылатын тосын апаттардың салдарын алдын ала халыққа күн ілгері хабарлап сақтануға, зиянға ұшырап қалмауына ескертулер жасап отырған.
Қазақта “Жұт кетеді, бірақ қайтып келеді” деген тәмсіл бар. Ол рас, кей жұттар 11 – 12 жыл немесе 80 – 90 жылда қайталанып, күн қозғалысының жермен тартылыс күшінің артуына сәйкес келеді деп болжаған. Ондай жылдары жаз айларында жауын-шәшін мөлшері мүлде азайып, дамылсыз аңызақ жел не құрғақ боран соғып шөп пен егінді қуратып, жерді жұтатып, не шегіртке қаптап жәйылымдар мен егін жәйларды қу тақырға айналдырып тастайды. Алла жаздай аптап ыстық болып, жер жүзін қара құйын жайлап алады. Сосын сол өңір де ауыр қуаңшылық апаты жүз береді деп болжаған.
Ал қыста қатты аяз болып, қарағай бойы қалың қар жауып мал мен жанға қауіп төндіреді. Зелзала болып жұрттың үрейін алады. Міне мұндай алапат апаттар тариқта болған. Ары бармай -ақ 19 ғасырдың өзінде қазақ даласында 20 ірі жұт тіркелген екен. Ол жұттар 10 — 12 -20-30 жылда қайталанып отырыпты. Ел есінде ерекше қалған жұттарды еске түсірсек:
1. 1879-1880 жылдары өткен “Ұлы қоян жұты”
2. 1850 жылғы “Торғай жұты”,
3. 1855-1856 жылғы”Ақсүйек жұты”,
4. 1879-1880 жылғы “Ақ аяз жүты”,
5. 1880- 1881 жылғы “ Сыр жұты” ,
6. 1892-1893 жылғы “Қазалы жұты” ,
7. 1891-1892 жылғы “Кіші қоян жұты”,
8. 1902-1903 жылғы “ Доңыз жұты”,
9. 1919-1920 жылғы “Қой жұты” ,
10. 1921-1922 жылғы “Ашаршылық жұты”сынды жұттар болған.
Ол жұттардың зардабын халық жұмыла еңбек етіп, жұмыс жасап, тынбай күресіп, 8 – 10 жылда қалпына келетірілген екен.
Қазақ он екі жылдың әр қайсысында келген жұтты — сол жылдың атауымен атайтын да дәстүр бар. Соған бағып жылды “Құтты жыл” не “Жұтты жыл” деп екіге бөліп, “Жарасымды жыл” не “ Жарасымсыз жыл” деп қарастырған.
Тышқан жылы
Тышқан жыл — Қазақ халқының жыл санау және жыл қайыру есебінде он екі жыл бар. Жыл басы тышқан жылы саналады. Тышқан жылы Нұх пайғамбардың кемесі топан судан аман қалып, бірде Арбиядағы жида тауына тоқтан десе, одан қырық күн өткен соң топан су тағы көтеріліп, кемені айдап Қазақстанның Қазығұрт тауына әкеп тоқтатқан дейді. Адам баласы мен күллі жан-жануарларға Алла жер бетінде екінші рет өмір сүруге, тіршілік етуге рахым еткен деген аңыз айтылады.
Қазақ ұғымында — тышқан кеміргіштер тобына жататын зиянды ұсақ жәндіктерге жатады. Бірақ жыл санау, жыл қайыру есебінде тышқан жылын жағымды құт жылға бағалайды, жарасымды жылға санайды. Қазақ есебі бойынша әр жылғы 21 наурызда көне жыл аяқталып, 22 наурызда жаңа жыл кіреді. Жалпы тышқан жылы молшылық пен берекенің, бейбітшілік пен тыныштықтың жылы деп санаған. Ұзақ тариқта тышқан жылы қиыншылық, жұт, ашаршылық, құрғақшылық, су апаты, жаугершілік болмаған. Тышқан жылы өлім-жітім аз болады, той-томалақ көп болады, ай орағы көбінде еңкейіп туады, қораланып толады, қыс жайлы өтеді, малға жұт жүрмейді, жазда шөптің басы айыр шығады, қой егізден қозылайды, адамдардың қарны тоқ, уайымы жоқ болады деп ырым етеді. Сондықтан тышқан жылды — “Құтты жыл” , “Жарасымды жақсы жыл” санатына жатқызған екен.
Тышқан жылы туылғандар мүшел жылында тышқан өлтірмейді. Өз өміріме қауіп болмасын, жыл жұтамасын деп ырымдаған. Қазақтар тышқан жылы қар қалың жауып, күн қатты суытса, «Биыл жылға ақ тышқан кіріпті» деп, қыста қар жұқа жауып, күн жылы өтсе «Биыл жылға қара тышқан кіріпті» деп жорамал жасап жатады.
Тышқан жылы туылған тұлғалар
Тышқан жылы Мұхаммед пайғамбар дүниеге келген және дүниеден бақиға қайтқан өте қасиетті жыл есептеледі.
Қанжығалы Бөгенбай, Жалаңтөс батыр, Келмембет, Махамбет Өтемісұлы, Балуан Шолақ, Дінмұхамед Қонаев, Болат Бопайұлы сынды тұлғалар дүниеге келген.
Сиыр жылы
Сиыр жылы — қазақ ұғымында сиыр төрт түліктің ішіндегі ірі қара малының біріне жатқызады. Ақ ырыстың бұлағы, үй құтының тұрағы деп санайды. Жыл санау есебінде екінші орында тұрады. Қазақ әдеби тілдегі «Дауысы бар азандай, желіні бар қазандай сиыр бассын үйіңді, сиыр басса үйіңді сыймай бассын үйіңді» деген тілек сөз сиырдың құтты мал екенінің анық айғағы.
Қазақ сиырдың мүйізін қаттыға, суыққа балайды. Еті мен сүтін жағымды асқа жатқызады. Сиыр жылы — ауыртпалығы мен қиындығы егіз қатар есте сақтанған жыл деп таниды. Егер жыл нысаны сәтсіз болса «Жылға қысыр сиыр кіріпті» десе, сәтті болса «Жылға сүтті сиыр кіріпті» дейді. Қыста қар қалың жауып, аязды болса, «Жылға ақ бұқа кіріпті», Қыс жайлы болса «Жылға бұзаулы сиыр кіріпті» деп жориды. Жыл ауыр болса “Жылға сүзеген бұқа кіріпті” деп болжам жасайды екен. Жалпы сиыр жылы туылған адамдар мүшел жасында сиыр малын бауыздамайтын ескі ырым бар. Онысы басыма жұт келмесін , құтым қанмен бірге ағып кетпесін деген ырымы екен.
Сиыр жыл туған тұлғалар
Сиыр жылы Ыдырыс пайғамбар дуниеге келген қасиетті жыл. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, Жабай батыр Қарабиұлы, Баянбай батыр, Жарылғап батыр, Ыбырай Алтынсарин, Қашаған Күржіманұлы, Байқадам Қаралдин, Санжар Асфандияров пен Жүсіпбек Аймауытов, Нарсұтбай Есболатов пен Әлия Молдағұлова, Мұқан Төлебаев, Нұрғиса Тілендиев, Нұрғали Нүсіпжан дүниеге келген.
Барыс жылы
Барыс жылы — жыл санаудың үшінші орнында тұрады. Барыс жылы ауыртпалығы мен жақсылығы аралас жыл деп есептеледі. 1902, 1914, 1926, 1938, 1950, 1962, 1974, 1986, 1998, 2010 сиыр жылдардағы тарихи деректерге қарағанда ондай тәбиғи апат болмаған екен.
Тек 1921–1922 сиыр жылғы “Ашаршылық жұты” болды да 20 млн астам адам аштыққа ұшырапты. Соған бағып ауырлығы мен жақслығы аралас жыл деп атаған екен. Жалпы барыс жылын жұт жылға сенамайды. “Бартыр жыл”, ”Құт жыл” деп атайды екен. Үйткені Барыс жылы – Қали арыстан туылған құтты жыл деген рауаят бар.
Қазақ ұғымында барыс даланың ерекше жыртқыш аң, аң патшасы саналады. Өктемдік иесі ретінде таниды. Қазақ әдби тілінде «Арыстанның айбатын бер, қара аюдың қайратын айбатын бер» деген тілек сөз бар. Қазақ барыс жылы кіргенде жыл есен, ай аман өтсе «Биыл патша барыс кіріпті, жыл нысаны жақсы болды» деп қуанады. Егер жыл сүреңсіз, қыс қыры қатты болса, «Биыл жыртқыш барыс кіріпті, жыл ауыр болды» деп алдағы күннен сақтанып жатады.
Барыс жылы туылған тұлғалар
Сабыр Рахымов, Мәншүк Мәметова, Ғабиден Мұстафин мен Ғабит Мүсірепов, Ғани Мұратбаев Назым Хикмет дүниеге келген екен
Қоян жылы
Қоян жылы – Мұса пайғамбар дүниеге келген қасиетті жыл деп есептейді. Қазақ ұғымында қоян – даланың бейбаз аңдарының бірі. Жыл санауы есебінде төртінші орында тұрады. Қоян сужүрек, қорқақтық нышаны деп білінеді. Қазақта қоян жылы туылғандар қоянды ауламайды, өлтірмейді. Себебі қоян өлтірсе басыма қауіп төнеді деп ырым етеді.
Қазақ қоян жылы кіргенде жыл сүреңі жақсы болса, «Биыл құт қоян кіріпті, жыл жайлы жақсы болды» деп қуанады. Егер жыл сүреңі жақсы болмай, жұт болса, «Биыл жұт қоян кіріпті, жыл жайлы емес» деп алдағы апаттан сақтанады.
Қазақ қоянның жолы қатты болады. Қоян көжегін туады да, «Қанжығада көрісейік» деп тастап кетеді. Онда аналық исіну болмайды. Бұта-бүргеннің арасында екі құлағы қалқайып, екі көзі тасырайып, өз көлеңкесінен өзі қорқып қашып жүріп тіршілік өткізеді. Қоянда жүрек жоқ, қарайғанның бәрінен қорқады. «Қоянға өз басын сақтаған олжа», «Қоянның өзін көріп, қалжа- сынан түңіл» деген тәмсіл ой бар.
Қазақ қоян жылы жұт болады, жауған жауын-шәшынның қайыры болмайды, қыста ойылған ақсүйек жұт болады, соғыс болуы да ғажап емес, өлім-жітім көп болады, малдан шығын шығады деп жорамал жасайды екен.
Қоян жылы- қазақ тарихында жұт, аштық, ауыртпалық, бейнет жылы ретінде есте қалған. Тарихқа 1867-1868 жылғы «жалпақ қоян» жұты, 1879-1880 жылғы “Ұлкен қоян» жұты, 1891-1892 жылғы “Кіші қоян» жұты, 1915-1916 жылғы “Тақыр қоян”, “Жалпақ қоян” жұты болып, бүкіл қазақ даласында мал қырылып, ел азып, жер тозып, аштыққа, жоқшылыққа ұшыраған екен. 1723 жыл да қоян жылы болған. Сондықтан қоян жылы кіргенде қатты сақтанады. Қоян жылы туылғандар қоян бақпайды, қоянды баудамайды. Жамандық қайталанбасын, өміріме қауіп келмесін деген ырымы.
Қоян жылы туылған тұлғалар
Абылай хан қоян жылында (1711 жылы) дүниеге келіп, (1771 қоян жылы Хан болып сайланды. Сонымен қатар қоян жылында Сартай батыр, Шохан Уәлихановтың әжесі Айғаным Сарғалдаққызы, батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Ақан Сері, Ықылас Дүкенұлы, саяси қайраткер Мұхаметжан Тынышпайұлы, Ілияс Есенберлин, Асқар Тоқпанов, Ермұхан Бекмаханов, Мәлік Ғабдуллин, Жұмабек Тәшенов, Жақып Омаров, Рымкеш Омарханова, Әбіш Кекілбаев, Жақсылық Үшкемпіров, Тұрсын Жұртбай, Әлібек Дінішев, Асқар Алтай, Бауыржан Жақып, Дариға Назарбаева, Дәулет Тұрлыханов, Ермек Аманшаев, Айгүл Мүкей, Досымжан Таңатаров, Сәкен Майғазиев, Жанар Дұғалова, Рахат-Би Әбдісағин сынды тұлғалар дүниеге келген.
Ұлу жылы
Ұлу жылы — Қазақ ұғымында ұлуды – сыртында дөңгелек иірілген қатты қабығы бар, суда, дымқыл жерде тіршілік ететін құрт тәрізді ұсақ жәндіктер қатарына жатқызады. Жыл санау есебінде бесінші орынды ұстайды. «Ұлу жылы ұлы жыл», «Ұлу жылы көтерілмеген, он жылда да көтерілмейді» деген тәмсіл бар. «Ұлу жылы жайлы жыл».
Ұлу жылы – Салық пайғамбар дүниеге келген қасиетті жыл. Қазақта ұлу жылы туылған адам ұлуды өлтірмейді. Себебі ұлуды өлтірсе, басына пәле сонан жабысуы мүмкін деп ырымдайды.
Қазақ ұлу жылы кіргенде жыл сүреңі жақсы болып, егін жақсы көктесе, қыс малға жайлы болса, «Биыл ұлы ұлу кіріпті, жыл есен болады» деп қуанады.
Егер жыл сүреңі жақсы болмай жұт болса, «Биыл жұт ұлу кіріпті, құт ұлу өліпті» деп алдағы апаттан сақтанады. Жазда жаңбыр жауғанда жауын құрты мен ұлу жер бетіне көп көрінсе, жыл есен болады, айдан аман өтеді. Жауған жаңбыр қайырлы болады деп жорамал жасайды. Баяшат заман келе жатыр деп қуанады. Ұлудың басына ақ тамызады.
Ұлу жылы — бағызы заман аспан есепшілері ұлу жылы — астық бітік, шөп шұйгін өседі, қыс пен жаз жайлы өтеді деп жорамалдайды. Жалпы қазақ ұлу жылды жұт жылға санамайды. Құт жыл санатына жатқызады.
Ұлу жылы туған тұлғалар
Омар Хайям бастаса, атақты жазушы, Р.Толкиен, Максим Горький, Фридрих Энгельс, Освальд Шпенглер Жан-Жак , Иммануил Кант, Нұрсұлтан Назарбаев.
Жылан жылы
Жылан жылы — қазақта “Жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қой жылы зеңгер тоғыс болды” деген сөз бар.
Қазақ ұғымында жылан бауырымен жорғалаушы, улы, заһарлы жәндік саналады. Жыл санау есебінде алтыншы орында тұрады. Жылан жылынында – Лұт және Смағұл пайғамбар туылған қасиетті жыл деп санайды. Қазақ ырымында жылан жылында туылған адам мүшел жылында жыланды өлтірмейді. Жыланды өлтірсе бастағы бағым байланады, жолым байланады деп үрейленеді.
Қазақ жылан жылы кіргенде жыл есен болса, жазда жер көгеріп-көктесе, «Биыл жылысты жақсы жылан кіріпті, жыл есен болды» деп қуанады. Егер жыл сүреңі жақсы болмаса, «Биыл жылға улы жылан кіріпті, жыл сүреңі жақсы емес» деп сақсынып жатады. Егер жаз айларында жауын-шашын мол болса, «Биыл жылға су жылан кіріпті» деп ұйғарады. Егер жауын-шашын аз болса, жаздай қуаңшылық болса, «Биыл жылға құрғақ қыр жыланы кіріпті» деп біледі. Егер қыста қар қалың жауса, «Биыл жылға ақ жылан кіріпті», ал қыста жер қара күн жылы болса, «биыл жылға қара жылан кіріпті», соғыс-жанжал туылса, «биыл жылға ордалы жылан кіріпті, ойылған жұт болады» деп ұйғарады.
Жылан жылы туылған тұлғалар
Абай Құнанбай, Мағжан Жұмабаев, Александр Викторұлы Затаевич, Индира Ганди, Авраам Линкольн, Джон Кеннеди, Мао Цзедун, Осман Сіламұлы, Ақыт Үлімжіұы, Мұстафа Кемал Ататүрік, Николай Коперник, Пабло Пикассо, Франс Шуберт, Иоганн Вольфганг Гете, Дени Дидро, Дмитрий Достоевский, Николай Гоголь.
Жылқы жылы
Жылқы жылы — қазақ ұғымында жылқы – іріқара малдың бірі. Алла тағала адамға қанат болсын деп атты жаратқан деген аңыз бар. Жылқы жыл санау есебінде жылқы жетінші орында тұрады. Жылқы жылы Иса пайғамбар туылған қасиетті жыл деп саналады. Қазақ ырымында жылқы жылы туылған адам мүшел жасында жылқыны бауыздамайды. Себебі жылқы бауыздаса, басына пәле содан келеді деп сенеді де, жылқыны ұрмайды, қарғамайды, жылқыға қарата тас лақтырмайды. Олай етсе өзін- өзі ұрғанмен, қарғағанмен бірдей. Жылқы киелі жануар киесі атады деп қорқады. Жалпы жылы туылған адамға жұмыр тұяқ мал жарасады. Мұндай адам жылқы түлігін өсірсе, пайдасы шәш-етектен болады. Дәулеті күн санап, жыл аунаған сайын арта түседі.
Қазақ жылқы жылы кіргенде жыл сүреңі жайлы болса, «Биыл қой торы жылқы кіріпті, жыл есен болады» деп қуанады. Егер жыл сүреңі жақсы болмаса, жыл райы ауыр болса, «Биыл жылға тарпаң жылқы кіріпті, апат болады» деп алдағы күндерден сақтанады. Ал жаз айларында жауын-шашын мол болып, егін қаулап өсіп, жер жақсы көгеріп-көктесе, «Биыл жылға құлынды бие кіріпті” деп жормал жасаған.
Егер қыс айларында қар қалың жауып, күн аязды болса «Биыл жылға арқыраған ақ айғыр кіріпті, күн қатты суытты» деп ұйғарады. Қазақ «жылқы жылын ілгері» деп, жылқы жылы кіріп, қашан шығып кеткенше сол жылды жылқы мінезіне балап, қай күні асаулығын көрсетеді деп күтіп, алдағы күндердің құбылыстарын күзетіп, тұрмыстарын түзетіп отырады.
Қазақ жылқы жылды жұтқа санамайды. “Жылқы сәндік”, «Жылқы — ердің қанаты” деп “Құт жылға” бағалайды. Қазақ “Жылқы кісінеп кіреді, арқырап шығады”, “Жылқы сәндік”, ”Жылқы — ер қанаты” деп “Құт жылға” бағалайды. Тарихи деректерде жылқы жайлы аңыздар мен ертегі əңгімелерде жайсыз əңгіме жоқ.
Жылқы жылы туылған тұлғалар
С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Қаракерей Қабанбай, Жамбыл Жабаев.
Қой жылы
Қой жылы — қазақ ұғымында қой Меккеден жаралған қасиетті де киелі адал ұсақ малдың қатарына жатады. Жыл санағы есебінде қой жылы сегізінші орында тұрады. Қой жылы Ұлықпан хакім дүниеге келген қасиетті жыл саналады. Қазақта қой жылы туылған адам мүшел жылында қойды бауыздамайды. Себебі қойды бауыздаса бойынан қуат қашады, жолы оңбайды деп ырым етеді. Қойды ұрмайды, қарғамайды, қойға қарата тас лақтырмайды. Олай етсе ғұмыр жасы қысқарады, өмірі азапқа қалады деп нанады.
Қазақ қой жылы кіргенде жыл сүреңі жақсы болса, «Биыл қоңыр қой кірді, жыл есен болады» деп, жыл сүреңі жағымсыз болса, «Биыл қотыр қой кірді, жыл жақсы болмайды» деп ұйғарады. Егер жаз айларында жауын-шашын мол жауып, жер қабағат (тегіс) көктесе, «Биыл қозылы қой кірді, жыл сыңайы жақсы болады» деп нанады. Егер қыс айларында қар қалың жауып, күн үскірік суық болса, «Биыл ақ қошқар мүйізін алып кірді, жыл сыңайы қатты болады» деп жорамал жасайды.
Жалпы, қой жылы есен болады, мал мен бас қатар қаулап өседі, бейбіт заман туады, алда молшылық болады, халық баю жолына түседі, ырыздық аспа-төк болады деп сенеді.
Қой жылы туылған бала – молда болады, иман жолын қуады. Алды да, арты да ашық болады. Еш кедергіге ұшырамайды деп біледі. Қой жылы — халық ұғымында жақсы жыл қатарында аталады. Қазақ бұл жылды қой мінезіне де ұқсатады. Қой жылдары көбіне жайлы болып, халық береке мен молшылыққа кенеліп отырған. Қазақ «Қой жылы мекіреніп кіріп, маңырап шығады” деп құт жылға бағалайды.
Қой жылы туылған тұлғалар
Құнанбай Өскенбай қажы, Шоң би қой жылы қайтыс болған. Кеңес Одағы қой жылы құлаған, Қазақ елі осы қой жылы Тəуелсіздікке қол жеткізген. Ахмет Байтұрсынұлы қой жылы туған.
Мешін жылы
Мешін жылы — қазақ аңызында мешін жылы Сүлеймен пайғамбардың екі
тайпасына Алланың қарғысы тиіп, бәділ етіліп, маймылға өзгертіліп жіберген деген рауят бар. Мешін жылы жыл санау есебінде тоғызыншы орында тұрады. Мешін жылы За- кария пайғамбар дүниеге келген қасиетті жыл саналады. Қазақта мешін жылы туылған адам мешінді өлтірмейді. Өлтірсе басына ауыр қатер төнеді, жолы байланады деп ырым етеді.
Қазақ есепшілері мешін жылы кіргенде жыл жайлы болса, «Биыл балалы мешін кірді, жыл жайлы болады» деп, жыл сүреңі жақсы болмаса, «Биыл тақ тажал мешін кірді, жыл жайсыз болады» деп жатады. Егер алажаздай жауын-шашын мол болса, жеміс-жидек бітік өсіп мол өнім берсе, «Биыл құт мешін кірді, жыл сыңайлы болады» деп қуанады. Егер қыста күн қатты суытып қарлы боран жүрсе, «Биыл жұт мешін кірді» деп ұйғарады. Қазақ жайлы келген мешін жылда «Мешін жыл – естен кетпес есіл жыл» деп тәмсілдеп, жылдың жақсылығын жадына сақтап айтып жүреді.
Мешін жылы туған бала шебер болады. Қолы өнерлі келеді. Әр нәрсеге ұрыншақ, түртіншек, қозы секілді болады. Ерекше зерек, бөлекше қабілетті, епті де іскер болады. Әр нәрсені шыр айландырып жүреді. Ісімен де, сөзі- мен де елді риза етеді. Қу болады. Сен тас санасаң, ол құм санайды. Сен бергісін ойласаң, ол арғысын ойлайды.
Тарихта мешін жылы болған жұт жылдар 1968 – 1969 жылдары «Мешін жұты» деп атады. 1920 жылы қазақ даласында мал қырылып, ол «Тас мешін» деп аталды. 1931-1932 ж.ж. алапат аштық мешінде болды. ХІХ-ХХ ғ.ғ. «Қоян», «Мешін», «Тауық» жылдарындағы аштық пен сұмдықты бастан өткізді. Сондықтан мешін жылы кірерден бұрын «Құт мешін кірсін” деп тілек айтатын болған.
Тауық жылы
Тауық жылы — қазақ ұғымында тауық адал үй құсына жатады. Жыл санау есебінде тауық оныншы орында тұрады. Тауық жылы Жақия пайғамбар дүниеге келген қасиетті жыл. Қазақта тауық жылы туылған адам мүшел жасында тауықты бауыздамайды, өлтірмейді, тауыққа қаратып тас лақтыр- майды, қарғамайды. Олай етсе жолы бекиді, ғұмыр жасы қысқарады деп ырым етеді. Себебі бұл адам тауық бақса, жұмыртқа сатса жарасады. Онда пайдаға шаш-етектен батады.
Қазақ тауық жылы кіргенде жыл жайлы жақсы болса, «Биыл құт мекиен кірді, жыл жақсы болады» деп қуанады. Егер жыл жайсыз өтсе, «Биыл тақыр тауық кірді, жыл жайсыз болды» деп ұйғарады. Егер жаз айларында жауын-шашын мол жауса, жер көктеп жақсы көгерсе, «Биыл балапанын бауырына басқан тауық кірді» деп жатады. Егер қыс айларында қарлы боран ысқырып тұрып алса, «биыл қоқақтаған әтеш кірді, жыл жақсы болмайды» деп ұйғарады.
Қазақ, жалпы, тауық жылы жайсыздығы мен жақсылығы тең жыл деп біледі. Тауық жылы туылған бала күйгелек болады. Әр нәрсеге күйіп-пісіп жүреді. Уайымшыл болады. Қайғырымпаз, қиялшыл болады. Жеміс-жидектерді ұнатып жейді. Тәбетті келеді. Шұқыланады да тұрады. Ақкөңіл болады. Бірақ кек сақтап өш алуға дайын тұрады.
Жалпы тауық жылы — “Жұрт жыл” деген атпен ел есінде сақталған. 1920-1921, 1932-1933 тауық жылдары жұт, ашаршылық болған. 1968-1969 ж.ж. құрғақшылық болған. Осыған байланысты қазақ “Тауық жылы- тарпаң жыл” деп атаған.
Тауық жылы туылған тұлғалар
Әбу Насыр әл-Фараби (870-950), Міржақып Дулатов (1885- 1935 ), Мұхтар Әуезов(1897- 1961), Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов (21902 — 1985 ), Жұматай Жақыпбаев (1945- 1990), Ро́за Рымба́ева (28 октября 1957), Ораза Әлқожа 1981 жылы 1 қазанда Өзбекстан мемлекеті Амангелді ауылында дүниеге келді. Әнші Майра Мұхамедқызы 1969 жылы 5 қыркүйекте Қытай Халық Республикасында дүниеге келген.
Ит жылы
Ит жылы — қазақ ұғымында ит адам атаның кіндік топырағынан жаратылған жеті қазынаның біріне жатады. Жыл санау есебінде он бірінші орында тұрады. Ит жылы Шұғайып пайғамбар дүниеге келген қасиетті жыл саналады. Қазақта ит жылы туылған адам мүшелі жылында итті өлтірмейді. Итті өлтірсе басындағы бағы қайтады. Кедей болып сорлап қалады деп ырым етеді.
Қазақ ит жылы кіргенде жыл жайлы болса, «Биыл ырысты ит кірді, жыл есен кірді» десе, жыл жайсыз болса, «Биыл бұралқы ит кірді, жыл жақсы болмады» деп жатады. Егер жаз айларында жауын-шашын мол жауып, жыл ырысты болса, «Биыл күшігін ерткен ит кірді» дейді. Ал қыс айларында қақаған суық болса, «Биыл қабаған қарала төбет кірді, жыл жайсыз болады» деп ұйғарады.
Жалпы алғанда, ит ырысты жыл , итсіз үй ырыссыз үй деп біледі. Ит жылы туылған бала қайсар, қайратты келеді. Мінезі жаман болады. Итше ыр ете түседі. Бірақ кек сақтамайды.Көп нәрсені өзі ойлап жете алмайды. Көбінде басқалардың жетегінде жүреді және шылауында болады.
Қазақ ит жылы кіргенде жақсы ырымға балап құт жыл болсын деп тергеп” Құтпан жыл кірді” деп атайтын болған. Мәселен 1945 жылы соғыс аяқтан жылды “Құтпан жыл” деген.
Ит жылы туылған тұлғалар
Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Талғат Бигелдинов, Тоғанбай Қауынбаев, Роза Бағланова, Нұржамал Үсенбаева, Сафуан Шаймерденов, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов, Оспанхан Әубәкіров, Қалаубек Тұрсынқұлов, Ерсін Қойбағарұлы, Қасымхан Бегманов, Ғалым Жайлыбай, Әуезхан Қодар, Тоқтар Әубәкіров, Мәмбет Қойгелдиев, Уәлихан Бишімбаев, Шалатай Мырзахметов, Зағипа Балиева, Серік Ахметов, Серік Баймағанбетов, Нұрлан Қапбаров, Ерболат Досаев, Әлімжан Құртаев Геннадий Головкин, Димаш Құдайбергенов.
Доңыз жылы
Доңыз жылы — қазақ ұғымында доңыз даланың харам хайуанына жатады. Жыл санау есебінде жылдың он екінші орнында тұрады. Доңыз жылы Зұлкарнайын пайғамбар дүниеге келген. Қазақ доңыз жылы туылған адам доңызды өлтірсе бағы ашылады, жолы болады, дұшпаннан үстем орында тұрады деп ырым етеді.
Қазақ доңыз жылы кіргенде жыл сүреңі жақсы болса, «Биыл мегежін кірді» дейді. Жыл сүреңі жақсы болмаса, «Биыл қабан кірді» дейді. Қыста қар қалың жауса, күн үскірік болса, «Биыл ақ доңыз кірді», ал қыста жер ала болып жатса, «Биыл қарала доңыз кірді» деп ұйғарады.
Доңыз жылы туылған бала өкпешіл, қорс етпе болады. Бір мойын, қатал мінезді келеді. Мұндай адамға харамдық жағады. Соғыспен атағы шығады. Доңыз жылды адам атаққұмар болады. Өзімшіл келеді. Ішіне қүрық бойламайды. Қара дүрсін келеді. Алысты ойламайды. Көз алдындағы нәрсені ойлап, бәрін тасталқан етіп жүреді. Ақ көңіл ашық жарқын, достары көп болады. Достарына адал болады.
Кейбір түркі елдері мен Қазақстанның кейбір жерлері, мұны «қара киік жылы» деп атацды. Қазақ «доңыз» деп кəдімгі шошқаны айтады. Оның жыл атауына кіруінің өзі жыл санаудың исламнан да бұрын екенгенінің толық дəлелі. Бұл жылды халық пəле-жала көп болады деп жақсы атамайды. Бірақ ол тарихқа жайлы, тыныштық жылы болып келген. Сондықтан да бұл жылды жұмсартып “Қара киік жылы” деп атаған екен.
Доңыз жылы туылған тұлғалар
Қасым Аманжолов, Ғаббас Қабышұлы, Әшірбек Сығай, Бағлан Әбдірайымов, Бақтияр Ғарифоллаұлы Артаев, Серік Жұманғалиұлы Сәпиев, Нұрбақыт Молдахметұлы Теңізбаев.
Жұт туралы мақал-мәтелдер
Жайлы қонақ үйге — құт,
Жайсыз қонақ күйге — жұт.
Өнегелі қонақ үйге — құт,
Өсекші қонақ елге — жұт.
Мешкей қатын — үй жұты,
Ақылды қатын — үй құты.
Шайпау қатын ерге жұт,
Ақылды қатын ерге құт.
Ойын түбі — от,
Тұман түбі — жұт.
Жұт — жетеу, жесірімен сегіз,
Салағымен— тоғыз, олағымен — он.
Елге ел қосылса — құт,
Желге жел қосылса — жұт.
Атан-түйе ойнаса жұт болады.
Ақылдының ақылы құт болады.
Жұт жеті ағайынды, Ойранымен он ағайынды.
Ашу— жұт, үйге қырғын салады,
Ақылды ел береке табады.
Жұттан қалған жер жұтайды,
Елден қалған ер жұтайды.
Шайпаудың тілі — жұт,
Шешеннің тілі — құт.
Надан адам — елге жұт,
Дана адам — елге құт.
Тымау түбі — құрт,
Тұман тұбі — жұт.
Болат Бопайұлы
Abai.kz