KAZINFORM – Әділетті ана капиталын жасақтайтын уақыт жетті. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына депутаттық сауал жолдаған Ерлан Саиров айтты.
«Экономиканы дамытудың басты қайнар көзі — адам. Ал сол адамды дүниеге әкелетін біздің нәзік жанды әйелдер. Мемлекеттің басты құндылығы адамды дүниеге әкелетін әйел жандар жөнінде мемлекеттік қамқорлық жасап, олардың жан дүниесін аялап, денсаулығына мән беру басты міндет! Әйел жаны босанғаннан кейін денсаулығын сақтау үшін қандай шаралар қарастырылған? Елімізде бала туғаннан кейін берілетін жәрдемақы бар. Оның мөлшері 1-3 балаға 140 мың теңге, төрт, одан көп балаға 232 мың теңгені құрайды. Бірақ, шынына келсек, бұл әйелге өтемақы емес, баланың күтіміне берілетін сома», — деді депутат.
Оның дерегінше, Ресейде ана капиталының сомасы бірінші балаға 639 мың рубль, яғни 3 млн 195 мың теңге, екінші балаға 883 мың рубль, яғни 7 млн теңгеге тең.
«Біздің өтемақымен салыстыруға келе ме? Әрине, жоқ. Қазақстанға да лайықты, әділетті ана капиталын жасақтайтын уақыт жетті. Бұл кезек күттірмейтін мәселе. Елімізде ұзақ мерзімді демографияны дамыту стратегиясының басты аспектісі — лайықты ана капиталын қалыптасыру. Ана бала көтергенде, құрсақта баланың қалыптасуына кальциді көптеп жұмсап, өзінің тісінен айырылатыны медициналық факт. Көп балалы атанған 543 мың әйелдің барлығының басында бар зор проблема ол — тістің түсуі. Қазақстандағы стомотологияның бағасының күйіп тұрғанын бәріміз жақсы білеміз! Сондықтан, бірінші кезекте көп балалы аналарға тісін жөндеу үшін бір реттік қаржылық төлем қалыптастыру қажет. Бала тапқан әйелдердің денсаулығын қалыпқа келтіріп, ұстап отырудың мемлекеттік стандарттары қажет. AMANAT партиясы ана мен бала денсаулығы мемлекеттің ең басты капиталы деп есептейді. Аталған мәселе бойынша Үкімет нақты қадамдар жасауы қажет», — деді депутат.