2024 жылдың 1 сәуірі күні түнде Электронды үкімет порталындағы бірінші сынып оқушысының құжаттарын қабылдайтын сервис істен шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мектепке құжаттарын онлайн түрде тапсыра алмаған ата-аналар бұл туралы әлеуметтік желіде де жазып, редакциямызға да хабарласты.
Мәселен, биыл Әлихан есімді ұлы 1 сыныпқа баратын Айсұлу Ибрагим түнгі сағат 00:00-де еgov.kz. порталы арқылы құжаттарын тіркей алмағанын айтып берді.
«Бұған дейін бірнеше баламның құжатын тапсырғанда, үйге жақын маңдағы мектептердің орны санаулы секундтарда-ақ жоқ болатын. Сондықтан, түнгі сағат 00:00 немесе таңғы 09:00 күтіп, сервисті аңдып отырамыз. Былтыр бірінші сыныпқа барған қызымның құжатын мектепке қолма-қол апарып тапсырған сияқты биыл да ұлымның құжатын онлайн тапсыру мүмкін болмады. Электронды үкімет сайтында өтініш беретін қызмет істемей қалды», — дейді ол.
Яғни, ата-ананың пікірінше, егер Үкімет әуел баста жоспарланғандай, мектепке келетін ата-аналардың кезегін азайтып, олардың уақытын үнемдеуді көздесе, онда бұл онлайн-қызметтің сапасын жақсартуы керек.
«Бізге көбінесе құжатты онлайн тапсырыңыздар деп айтады. Әрине, үйден шықпай құжат тапсырсақ, көп уақытымызды үнемдейтін едік. Алайда, қазір керісінше, мектепте орын жетпей қалады деген қорқынышпен ноутбуктың алдында сағаттап отырамыз», — дейді наразылығын танытқан ол.
Ал, осы мәселеге қатысты Azattyq Ruhy тілшісінің сұрағына жауап берген Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы қазір еgov.kz порталы қызметті қайта қалпына келтіруге тырысып жатқанын хабарлады.
«Бірінші сыныпқа құжат қабылдау бойынша еgov.kz. порталында қызметті қалпына келтіру жөніндегі жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Бұл қызмет таяу уақыттарда қолжетімді болады. Естеріңізге сала кетейік, бірінші сыныпқа құжаттар қабылдау 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады», — деді Мереке Амангелдіқызы.
Естеріңізге сала кетейік, баласы 1 сыныпқа баратын ата-аналар портал арқылы өтініш беру үшін «Профилактикалық екпелер картасы» № 065/у нысанды және «Бала денсаулығының паспорты» № 052-2/у нысанды медициналық анықтамаларды, баланың 3х4 см өлшеміндегі цифрлық фотосуретiн қоса тіркеуі керек.
Айта кетейік, ата-ана тұрғылықты жері бойынша білім беру ұйымына барып та өтініш бере алады.
Азаттық рухы