Қоршаған ортаның экологиясы жайлы тілге тиек еткенде ауаның ластану мәселесі алғашқы орында тұратыны анық. Ал қазақстандық қалалар ауасының тазалығымен таңдандыра қоймайды. Профессор Қуаныш Тастанбектің айтуынша, әлемдегі ең лас 100 қаланың тізіміне Қазақстанның төрт қаласы енген. Атап айтқанда, Алматы, Астана, Өскемен мен Қарағанды қалалары еніп отыр. Ал Қазақстандағы ең таза қала атағын Орал қаласы иемденген.
«Бүгінде 45 өнеркәсіптік қала мен мегаполистің ішінде ең лас қалалар қатарына Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Өскемен және Шымкент жатады. Еліміздегі атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау республиканың 69 елді мекенінде 170 бақылау бекетінде, оның ішінде 47 қолмен сынама алу және 130 автоматты бақылау бекетінде жүргізіледі» деді Экология және табиғи ресурстар министрлігі Мемлекеттік экологиялық бақылау басқармасының бас сарапшысы Алмас Ысқақов.
Оның айтуынша, егер Қарағанды, Теміртау, Атырау және тағы басқа қалаларда ауаның ластану себептері өнеркәсіппен байланысты болса, ал Астана мен Алматыда автокөліктен шығатын шығарындылардың көптігінен ауа ластанып отыр.
«2023 жылғы Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша республика бойынша автокөлік құралдарының саны 4 449,3 мың бірлік. Оның ішінде көліктердің 50% (2 224,6 мың бірлік) жасалғанына 20 жылдан асып кеткен. Өткен жылы желтоқсан айында Алматыда 600 мыңға жуық автомобиль тіркелген, күн сайын қалаға 700 мыңнан астам көлік кіреді. Астана қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, елордада 320 мың автокөлік (287,5 мың жеңіл автокөлік, 23,5 мың жүк көлігі, 6,8 мың автобус) тіркелген, оның 50% пайдаланғанына10 жылдан асқан. Жалпы, қала бойынша Еуро 4 және 5 стандартына сәйкес келетін автокөліктің саны 90 мыңнан аспайды (тіркелген автокөлік құралдарының жалпы санының 28%)» дейді сарапшы.