Апелляция «Айкөркем ісі» бойынша айыпталған әскери қызметкер Арман Жұманды 7 жылға бас бостандығынан айырды
28 наурызда Астанадағы әскери сот ақтау үкімінің күшін жойды.
Бұған қоса, сот қорғаныс министрлігіне жеке ұйғарым шығарған. Ол «қаруды пайдалану, блокпостарды ұйымдастыру, нұсқаулықтармен байланысты заңсыздықтарға» қатысты. Соның салдарынан «оқ ату» басталған.
Жұман «Билікті асыра пайдалану» бабы бойынша айыпталған.
Былтыр 15 қарашада Алматы гарнизоны әскери соты айыпталушының «іс-әрекетiнде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ» деп Жұманды ақтаған. Айкөркемнің әке-шешесі де, прокуратура да үкімнің үстінен шағым түсірген.
Қаңтар кезінде Айдос Мелдеханның балалары отырған көлікке оқ жауған. Оқиға кезінде оның 16 жастағы қызы жараланып, 4 жасар Айкөркем қаза болды. 8 жасар ұлы психологиялық шок алған.
Бұған дейін Жұман балалар отырған көлікке кім оқ атқанын білмейтінін, өзі көлікті көрмегенін айтқан.