БІР АДАМ, ЕКІ АДАМҒА ҮЙ СЫЙЛАДЫ…
Қалай қуанбайсың? Бір туған бауыры емес, ұлты да басқа азамат үлкен жүрекпен сауапты іс жасап жатыр. Түркістан облысының Мырзашөл өңірінде жалдамалы пәтермен жан бағып келген бейтаныс жанға үй сыйлап, екі отбасын қуантқан азаматқа мың алғыс. Ол, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Cotton мақта» ЖШС-нің директоры Абдухашим Боев деген азамат.
Кәсіпкер екі тұрғын үйді сатып алу үшін 26 миллион теңге жұмсаған. Үйлердің аумағы 15-20 сотықты құрайды. Аталған үйлер мұқтаж отбасылардың тұрғылықты жеріне қарай, бірі Мақтаарал ауылдық округіндегі Елқоныс ауылында орналасса, екіншісі Еңбекші ауылдық округіндегі Т.Жайлыбаев елді мекенінде орналасқан.
“Екі отбасын қуантқан Түркістан облысы ҚХА мүшесі Абдухашим Боевтың бұл жақсылығын естіген көршілер ғана емес, дүйім жұрт қуануда. Бұл қоғамдық келісім мен адамдар арасындағы ауызбіршілік, этносаралық қарым-қатынастың Түркістан облысындағы шынайы үлгісі”-дейді Түркістан Облысы Қоғамдық Келісім басшысы Эльмира Жангазиева.
Боев байығаннан үй сыйлап жатыр дей алмаймыз. Ниеті түзу. Жомарттығы бар. Елде жүріп байығасын, елмен бөліскісі келеді. Әйтпғсе, Боевтың байлығын “он орап алатын” байшыкештер жетіп артылады. Айтпақшы, Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Эльмира Ұласбекқызы Сарыағаш, Мақтарал, Жетісай, Келес аудандары филиал басшыларының 1 тоқсандағы есептік жиынында Шаңырақ журналистер клубы байқауы аясында осындай өнегелі жазбалар жиірек жарияланып тұрса деген ниет-тілегін айтты.
Ерсұлтан Әмірбек
Түркістан облысы ҚХА Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы