Ауғанстанның солтүстігінде салынып жатқан арнадағы судың далаға кетіп жатқаны Орталық Азия елдерін алаңдатып қойды
Бұл туралы Eurasianet басылымы хабарлады. Тәліптер басқаратын ауған үкіметі су арнасы жобасын асығыс жүргізіп жатыр. Ауған билігі соның көмегімен миллиондаған азаматтың азық-түлік мәселесін шешкісі келеді. Дегенмен Орталық Азиядағы көршілес елдердің пікірінше, Көш-Тепа арнасы қоршаған ортаға қауіп төндіріп тұр.
Су арнасының құрылысы 2022 жылғы көктемде басталды. «Талибан» қозғалысының ресми өкілдерінің айтуынша, ақпанның аяғында жобаның екінші кезеңі басталған.
Құрылыс аяқталған соң Ауғанстанның солтүстік провинцияларын суғару мақсатында Әмудариядан су алынады. Ауған шенеуніктері жобаны «жасыл революция» деп атады.
Су арнадан бір айдан астам уақыт бойы аққан. Сол кезде «Шекарасыз өзендер» экологиялық коалициясы дабыл қаққан. Мамандар спутниктен түсірілген суреттерге қарап отырып арна құрылысы сапасыз екенін анықтады.