Осыдан 31 жыл бұрын 26 наурызда Қызылорда қаласында өткен Арал теңізі мәселелері жөніндегі 1 конференцияда жасалған келісім бойынша Орталық Азия елдерінің Президенттерінің кездесуінде «Арал теңізі және Арал аймағы мәселелерін, экологиялық сауықтыруды, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді бірлесіп шешетін ортақ шаралар туралы Келісім» жасалған болатын.
Келісімнің арнайы баптарында Арал теңізі айдынындағы экологиялық дағдарысқа байланысты негізгі мәселелер нақтылы қаралды. Апаттың алдын алуға, қоршаған ортаны сауықтыруға және Арал аймағының әлеуметтік – экономикалық дамуын қамтамасыз ететін, денсаулық сақтау, тұрмыстық қажеттіктерді өтейтін істерге тікелей назар аударылды. Келісімді орындаудың алғашқы шарты есебінде Халықаралық Арал қоры, Арал теңізі мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңес құрылып, олардың ұйымдық мәселелері шешілді. БҰҰ-ның Бас хатшысына Орталық Азия елбасыларының атынан Үндеухат жолданды. Онда Аралды сақтап қалуға, Арал аймағының келелі мәселелерін шешуге арналған шараларға дүниежүзілік қауымдастықтың назары аударылды.
Арал теңізі мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңес– Арал мәселелерімен айналысатын Орталық Азия елдері (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан) Президенттері кеңесінің атқарушы органы болып 1993 жылы 26 наурызда Қызылорда қаласында құрылған. Кеңеске Орталық Азияның әр республикасы үкімет басшыларының орынбасарлары бастаған 5 адам және бақылаушы ретінде Ресей Федерациясының өкілдері енді. Мемлекетаралық кеңесті әр жылда Орталық Азия елдерінің біреуі алфавит тәртібі бойынша кезекпен басқаратын болып шешілді.
Арал теңізін сақтау жөніндегі халықаралық шаралар, Арал апатынан зардап шеккен елдер басшыларының іс-қимылдарына көмектесуге бағытталған алғашқы халықаралық келісім 1990 жылдың 24–26 қаңтарында БҰҰ-ның қоршаған орта Бағдарламасының (ЮНЕП) ұсынысымен жасалғанын ескерте кетейік.
1990 жылы 11–12 қарашада Хаттамаға қол қойылып, келісім заңды түрде бекітілді. Келісім бойынша дүниежүзілік дәрежедегі оқымыстылар мен мамандардың қатысуымен «Диагностикалық құжат» жасалды. Бұл үлкен ғылыми-тәжірибелік зерттеу Арал апаты кеселінің бетін ашып берді, нақтылы іске бағдарлама жасауға себін тигізді. «Диагностикалық құжат» 1992 жылы 4 тамызда ЮНЕП-тің басқаруымен Женева қаласында бекітілді, оған Қазақстан Республикасы атынан Ұ.Қараманов, К.Салықов, Н.Мұқитанов қол қойды. Келесі сатыда Дүниежүзілік Банк пен ЮНЕП, ПРООН, ЮНЕСКО, т.б. халықаралық жоғары дәрежелі ұйымдар қосылып, Орталық Азия елдерінің мемлекетаралық кеңесінің және халықаралық Арал қорының басшылығымен «Арал теңізі мәселелеріне нақтылы көмек бағдарламасын» іске қосты. Бұл тарапта бағдарлама, жобалар жасалып, ауқымды жұмыс қолға алынуда.
Baimedia.kz