Бүгінде көліктің сан алуан түрі бар. Біреулер әлі күнге дейін BMW мен Mersedes-тің қуаттылығын салыстырып, сергелдеңге салынса, енді бірі басын ауыртпай, газы мен тежегіш тетігін дұрыс бассаң болды, өзі-ақ басқаруға икемді көлікті таңдайтын болған. Осы тақырып аясында бензинмен басқарылатын көлікке қарағанда ұтымды, тоқпен жүретін темір тұлпардың ерекшеліктеріне тоқталатын боламыз.
Қазір әлем уайымдайтын басты мәселелердің бірі – қоршаған ортаның ластануы. Экологияға әсер ететін әртүрлі фактор бар, көлік құралы соның бірі еді. Кейін мұнай бағасы шарықтап, көлік тұтынушыларына қолайсыздық тудырды. Дегенмен бұл мәселе өз шешімін тапқандай болды, себебі технодронды заман жетіліп, қолданысқа электромобиль кеңінен ене бастады.
Ең алдымен мұндай көліктердің қалай пайда болғанына тоқталсақ. 2020 жылы әлемдегі электромашинаның үлесі небәрі 0,7%-ды құрады. Бүгінде олардың сапасы мен саны артып, осы көліктерді құп көретіндердің қатары көбейді. Бұл көліктер бұрыннан қолданыста жүрген көліктерге қарағанда ертерек жарық көрген дүние десек те болады. 1828 жылы венгр өнертапқышы Аньош Йедлик автомобильге қарағанда скейтбордқа ұқсайтын электр қуатымен жүретін арба жасады. Десек те 1841 жылы арба іспеттес алғашқы электромоторлы көліктің тұсауы кесілген.
Басты ерекшелігі – олар аккумулятор батареяларынан күш алатын электроқозғағыш арқылы қозғалады. Сондай-ақ тәуелсіз энергия көзінен қуат ала отырып, бір немесе бірнеше электр қозғалтқышы арқылы ерекшеленеді. Дегенмен бұл көліктерді басқару жүру шақырымы ұзақ жолдарда немесе суық ауа райында қиындық туғызады. Электромашиналар батарея көмегімен қозғалатындықтан, өз сыйымдылығын аязды күндері және климаттық ауа райы өте ыстық болған сәтте жоғалтуы мүмкін. Яғни шақырым қоры азаяды, ал бұл машинаның ұзақ уақыт қызмет ететініне кепілдік бермейді.
Енді әлемде көш бастап тұрған электромашина маркаларына тоқтала кетсек. Әлемдегі ең бай адамның бірі Илон Маск басқаратын «Tesla Motors» америкалық электромобль өндіретін компанияның жетістігі жетерлік. Қазірдің өзінде көп мықтыны шаңында қалдыратын Tesla көліктері әлемдік дәрежеде жоғары сұранысқа ие.
Tesla электрокарларының ерекшеліктерін атап өтсек. Бұл көліктер бензиннің көмегінсіз, яғни батарея арқылы қозғалады. Олардың аккумоляторлық батареялары экологиялық және экономиялық тұрғыда өте ұтымды. Толық қуатталған Tesla көліктері айтарлықтай қашықтықтарды еңсере алады, онымен қоса олар өте жайлы және жылдам болып келеді. Ақылды көлік қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады.
Электромобиль саласында Tesla-дан асып ешкім шықпады деп ойлау қате, себебі қытайлық өнертапқыштар да бұл салада өзіндік із қалдырды. Олар шығарған «BYD» мар- калы көліктерін көше жолдарынан көріп те жүрген болармыз. 8 секунд ішінде 100 км сағатты лезде еңсере алатын қытайлық темір тұлпар 5 адамға арналған. 179-дан 197-ге дейін жылқының күші бар электромобильдің жүру қоры толық қуаттау кезінде 500 шақырымнан астам жолды еш қиындықсыз жүріп өте алады.
Темір тұлпарлар қатарын көлік нарығындағы көшбасшылардың бірі, «жылдамдық» сөзіне синоним болып кеткен BMW компаниясының электрокарлары жалғастырады. Олар 3 көлікті ұсынып отыр: бес есікті хэтчбек i3, спорттық купелі I4 және i4 M50, сондай-ақ кроссовер iX. Ұқыпты ойластырылған дизайн, қуатты қозғалтқыштар, озық технология қауіпсіздіктің жоғары дәрежесін ұсына алады. BMW компаниясы ұсынған электрокөліктердің кемшілігі деп бағасының қымбаттығын ғана айтуға болады.
BMW-ның i3 көлігі толық қуатталған болса, 130-200 шақырымды еңсере алады. Ал қуат диапазоны толық спорттық купелі I4 және i4 M50 көлігі тоқтаусыз 511 шақырымды жүріп өтеді. Кроссовер BMW iX xdrive40d бір зарядта 425 шақырым жүруге арналған 71 кВт/сағ батареямен жабдықталған. Xdrive50i- де қуатты батарея орнатылған (105,2 кВт/сағ), ал паспорт бойынша бұл 630 шақырым жолға жеткілікті.
Жоғарыда сатылымы жоғары электрокөліктерді атап өттік. Десек те көліктердің қатарын әлі де жалғастыра беруге болатын еді. Кейінгі статистикалық мәліметтер бойынша электромобильдің сатылымы әлемде 6,75 млн-ды құрап, электрокарға қызығушылығы артқан көлік тұтынушыларының көбейіп келе жатқандығы мәлім болды. Ерекшеліктері ауыз толтырып айтарлықтай болғанымен, шынайы бағасын беретін тек сіз, оқырман.
Дина Бөкебай