«
Астана қаласында Наурыз мейрамының «Қайырымдылық» күні қарсаңында «Көзімнің қарасы» атты Қазақстандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ашылу салтанаты өтті. Бірлестікті «Көзімнің қарасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Мирас-А» ҚҚ құрылтайшысы, актер, сценарист Серік Жүзбай басқарады. Қазіргі таңда бірлестік барлық санаттағы мүмкіндігі шектеулі жандарды тіркеп, ерекше қабілеттерін ашып, кеңседе сурет салу, вокал, шаштараз, тігін, массажға үйретуде. Сондай-ақ тегін психолог пен заңгерлердің кеңесін тегін алу жолы да қарастырылған. Қоғамдық бірлестіктің басты мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандардың ерекше мүмкіндіктерін ашу, инклюзиялық орта қалыптастару, арман мақсаттарының орындалуына мүмкіндік жасау және болашаққа сенім артып кәсіпкерлікке баулып, жұмыс орындарын тауып беру мен шет мемлекеттермен тәжірбие алмасу шараларын жүзеге асыру. Елімізде әрбір азаматтың тең құқылы еңбек істеп, өз кәсібін ашып, білім алуына мүмкіндік жасалған. Ендеше жаңадан ашылған «Көзімнің қарасы» қоғамдық бірлестігіне сәттілік тілейміз.
Асылбек Байжұмаұлы