Бүгінде үйде бала тәрбиесімен отырған ата-аналар да, кеңседегі қызметкерлер де, тіпті мектептегі оқушыларға дейін – бәрі бразилиялық сериалдың келесі бөлімін тосқандай апта сайынғы Бишімбаев сотын күтеді. Тек мамандар «процесті мүлдем қарамаңыздар» деп ескертіп жатыр. Олардың айтуынша, оның психологиялық салдары көп. Сот процесі қоғамға қалай әсер етеді және оны қараудың қандай кері жағы бар? Kazinform тілшісі сарапшылардан сұрап көрді.
Әлемді «аузына қаратқан» процесс
Тек Қазақстанның емес, бірнеше мемлекеттің халқын дүр сілкіндірген экс-министр Қуандық Бишімбаев ісінің соты әлі жалғасып жатыр. Қазақстандықтардан бөлек бұл процесті әлем елдері де тікелей эфирде қарауға қызығып отыр, Қазақстанның Жоғарғы сотына процесті қайта трансляциялау туралы шетелдік БАҚ-тан ұсыныстар түскен. Ведомствоның мәліметінше, процесс 13 елде: АҚШ, Германия, Ұлыбритания, БАӘ, Түркия, Оңтүстік Корея, Ресей, Грузия, Молдова, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдерде көрсетілді.
Бүгінде сот отырысын әлеуметтік желілерде көрсететін «TengriNews» интернет-ресурсының ресми аккаунттарында қаралым 20 миллионнан асты. Сондай-ақ, біздің YouTube аккаунтымызда 1,5 миллион рет қаралды. Бұл атышулы іске қоғамның жоғары қызығушылығының көрсеткіші деп білемін, – деп сипаттады қоғамның қызығушылығын Қазақстанның Жоғарғы Соты Байланыс департаментінің басшысы Перизат Сәдуақас.
Бұл процесс – Қазақстанның сот жүйесі үшін үлкен сынақ
Осынша қызығушылық тудырған соттың қоғамға әлеуметтік тұрғыдан әсерін анықтау үшін әлеуметтанушы Эльмира Отарға жүгіндік. Сарапшы бұл процесс еліміздің сот жүйесі үшін сынақ екенін және оның екі жағы барын айтты.
Бұл сот процесі – Қазақстанның сот жүйесіне үлкен сынақ. Әлеуметтік тұрғыдан алып қарасақ, бұл халықтың сот жүйесінде заңсыздық бар деп күдіктенетінін, оған деген сенімсіздігін көрсетеді. Ал, екінші жағынан бұл — сот жүйесінің өзіне үлкен мүмкіндік. Сот жүйесі ашық және түсінікті екенін Бишімбаевтың соты арқылы көрсетіп жатыр. Бұл ретте сот жүйесі осы процесті белгілі бір құрал ретінде пайдаланып отыр, – деді Эльмира Отар.
Әлеуметтанушы қоғамның пікірін, әлеуметтің іс-әрекетін зерттей келе мынадай қорытындыға келген: бүгінде халық әлеуметтік мәселеге бей-жай қарамайды, тіпті Президенттің араласуын талап етеді.
Бұның бәрі сот жүйесінен басқа, мемлекеттік органдарға, үкіметке деген сын бар екенін көрсетеді. Әлеуметтік желіге қарап, халықтың бұл процесті қалай қадағалап отырғанын байқауға болады. Сондай-ақ, Президент «бұл істі өз қолыма аламын» деді. Яғни, қазір халық белгілі бір әлеуметтік мәселе шешілмей жатса, Президентке жүгінеді, – деді маман.
Әлеуметтік желіде түрлі мем тарап, келеке немесе сыни видеолар қаптады. Тіпті сот процесіне қатысып жатқан азаматтардың «мінез-құлқын сипаттап беретін сарапшылар» да көбейді. Ол ол ма, Бишімбаев ісінен кейін еліміздің түкпір-түкпірінен әйелдер күйеуінен зардап шеккенін, тек осы уақытқа дейін жасырып келгенін айтып жатыр. Яғни, бұл процесс қоғамның «оянуына түрткі» болды деуге болады.
Күйзеліс туғызатын сот
Қоғамды «оятқанымен», психологтар сот процесі белгілі бір деңгейде күйзеліс туғызатынын атап өтті. Себебі күні бойы негатив видеоға үңіліп отыру психологияға әсер етпей қоймайды. Психолог, профайлер, «Sokolova center» директоры Юлия Соколова бұрын зорлық-зомбылық көрген адамдарға бұл процесті қарамауға кеңес берді. Себебі, маманның айтуынша, олар басынан өткен қайғылы оқиғаны еске алып, қайта үрейленуі мүмкін.
Мен түрлі деңгейде зорлық-зомбылық көрген әйелдермен жұмыс істеп жатқаныма 20 жылдан асты. Тәжірибелі маман ретінде айтарым: психологиялық соққы алғандар дене жарақаты көрсетілетін видеоларды қарамауы керек. Мысалы, сот медициналық сарапшы манекенде марқұмның жарақатын көрсететін видеоларды қарамаңыз деп кеңес беремін. Неге? Себебі зорлық көрген әйелдің жады жаңғырады – әкесі, күйеуі, серіктесі немесе бөтен біреудің зорлық-зомбылық көрсеткен сәттері қайта есіне түседі. Көптеген әйел маған «ол (Бишімбаев – ред.) менің күйеуім сияқты» деп жазды. Сонымен қатар, клиенттерім «әпкем, құрбым, анам зорлаушымен тұрады, ол моральдық және физикалық тұрғыдан азаптайды, қалай көмектесемін» деп сұрайды, – деп сипаттады Юлия Соколова.
18+: Сот процесін қарауға жас шектеуі керек пе?
Юлия Соколова сот процесін қарау не қарамау азаматтардың өз еркінде және жаспен шектеудің қажеті жоқ деп отыр.
Қарай ма, қарамай ма – адамдар өздері шешеді. Сот процесінің бейнежазбасы зорлық-зомбылық құрбандарының да, агрессорлардың да көңіл-күйіне әсер етуі мүмкін. Бишімбаев жасаған қылмысы үшін жазасын алса, қысым көрген әйелдердің үміт оты оянады – олар бізді қорғайтын заң бар деп қорғаныш сезімі артуы әбден мүмкін. Ал агрессорлар әділдік бір күні оларға да жетеді деп қорқуға мәжбүр болады. Мен процесті бақылап жүрмін және видеоға жас шектеуі орынсыз деп санаймын. Көптеген бала ұрып-соғудың не екенін біледі. Процеске қатысушылар осындай жан түршігерлік қылмыс туралы айтқан кезінде мүмкіндігінше ауызша, мінез-құлық және ақпараттық цензураны сақтайды, – деді психолог.
Ал, нейропсихолог кинезиолог Қайыр Әбдірахманов «жастар да, егде жастағылар да процесті қарамасын» дейді. Маманның айтуынша, сот процесі түрлі жастағы адамдарға кері әсер етеді.
18 жасқа дейінгі балаларды алып қарайық. Сот процесін қарап отырған не тыңдайтын кейбір ұлдар «қыз өзі кінәлі» деуі мүмкін. Ал, қыздарда керісінше, енді болашақ жарын таңдағанда бойында үрей болады. Бұл – міне, проблема. Тіпті мінезі тұйық қыздар қорқынышқа бой алдырып, аяушылық сезініп, іштей қатты қиналуы мүмкін. Ал, бұған жеңіл қарай алатын қыздар мұндай процесті оңай өткізеді. Қарайды да, өтіп кетеді. Бірақ барлық қыз ондай емес қой. Сондай-ақ, отбасында әкесі агрессор болса, онда ұлдар да бұл процесті көргенде сондай оймен кетеді. Жалпы, эгрегор жүйесі осылай жұмыс істейді. Сондықтан бұл сот отырысын қараудан балаға ешқандай пайда жоқ, керісінше, тек негатив әкеледі, – дейді Қайыр Әбдірахманов.
Нейропсихологтың сөзінше, сот процесі бүкіл отбасына әсер етеді. Тіпті, балабақша жасындағы балаларға да. Маман психосоматика тұрғысынан анасының негатив ақпаратты сіңіруі баланың сырқаттануына әкелуі мүмкін дейді.
Балабақшаға баратын балаларға қалай әсер етеді? Ол анасы арқылы ықпал етеді. Анасы күні бойы процесті көреді. Ашуланып жүреді, негатив ойлайды, тіпті, ер адамға деген жеккөрушілік пайда болады. Сөйтіп эмоциялық күйі сау болмаған соң бар негативін баласынан шығарады, ал оны баласы қабылдайды және ауыра бастайды. Яғни, негатив тізбектеліп кете береді, – деп түсіндірді маман.
«Психологиялық шабуыл – халық негатив жинақтап жатыр»
Қайыр Әбдірахманов тағы бір қызық дерек айтты. Ол Бишімбаевтың сотын халықтың назарын аудару деп санайды. Ал, процесті қараған адамның күйзеліске түсуі – кейбір маман үшін табыс көзі. Сондықтан олар да бұл туралы жиі айтып, басқаша айтқанда контент жасап, «психологиялық шабуылға» көшкен.
Жалпы бұл процесс, меніңше, халықты бір проблемаға назарын аудартып, басқа проблеманы, өмірді елемей, «процеспен өмір сүруге» әкеп соққан сияқты. Себебі халық бар проблемасын қойып, көңілін сотқа аударды. Шындығында, процесті тез-тез өткізіп, сот үкім шығаратын уақыт болды. Бірақ созылып жатыр. Сөйтіп әйелдер ерлерге ашулы. Күні бойы видео қарап, стресті үздіксіз тамақ жеп басқысы келеді. Ал, мұны пайдаланатын «психологтар» ақыл айта бастайды. Мұны «психологиялық шабуыл» деп айтады. Қысқасы, бұл процесті «шоу қылмағанда», сонда отбасында ұрыс та болмайтын еді. Қазір мұны бәрі көреді, талқылайды, отырыста, жұмыста – барлық жерде «Бишімбаевтың соты». Қазір халық «негативті» жинақтап жатыр. Ол қазір немесе келешекте де кері әсермен шығады, – деп атап өтті нейропсихолог.
Қоғамның санасы өзгереді…
Қандай оқиға болса да, оның қоғамға әсерін қараймыз. Әлеуметтанушы Эльмира Отар Бишімбаев соты қоғамның санасын өзгертті дейді.
Бұл сот процесі қоғамда үлкен із қалдырады. Халық арасында «елді топан су басып жатқанда, сіздер Бишімбаевты қарайсыздар» деп ренжитіндер де бар. Негізінде коронавирус кезінде отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесінің басы ашыла бастаған. Сөйтіп осы процесс ашық болып, жылдар бойы қатайып қалған «қажетсіз қағидаттарды қиратып», қоғамның санасын 40 пайызға болса да, өзгертетіні анық. Иә, бұл процесс қоғамның санасын өзгертеді, – деді Эльмира Отар.
Сонымен қатар, психолог Юлия Соколованың айтуынша, Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сөз қозғағанда еліміздегі әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдардың қабылдануын ерекше атап өту керек.
Қазір бүкіл әлем сот процесін қарап отыр. Отбасындағы зорлық және агрессорлардық жауапқа тартылмауы – бәрімізге таңсық емес. Сондықтан бұл резонанс туғызып, назар аудартты. Ал, Қазақстан әйел зорлығына қарсы сотты ашық етіп, ТМД елдерінің ішінде азаматтық қоғамды дамытуға дайын алғашқы ел екенін танытты. Соттың ашық болуы – құқықтық мемлекетті құрудың маңызды бөлігі, – деді маман.
Айта кетейік, биыл 15 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қол қойды. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында бұл заң қоғамның санасын өзгертетінін атап өтті.
«Адамның бақыт эмоциясын басады»
Бишімбаев ісі қазақстандық кей отбасының қазіргі күйін сипаттайды. Әйелдер «таяқ жеуден» шаршады. Шыдамның шегіне жетті. Себебі «менің күйеуім де солай ұратын, солай эмоциялық түрден қинайтын» дейтін әйелдер енді бәрін жария қыла бастады. Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан», Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» өткен ғасырдағы әйелдің теңсіздігін сипаттаса, Салтанаттың өлімі – соны жалғастырды. Бірақ мұндай проблеманы бұрын ақын-жазушылардың шығармасы арқылы білсек, бүгінде халық өзі айтады. Тек…
Тек сот процесін қарамаңыздар деген мамандардың кеңесін де естен шығармау керек секілді. Әрине, бұл зорлық туралы үнсіз қалу деген сөз емес. Процеске барынша фокус қоймай, кәдімгі өмірге оралу керек. Себебі нейропсихолог Қайыр Әбдірахманов айтпақшы, Бишімбаевтың ісін қарау – адамның бақыт эмоциясын басады.
Бишімбаевтың соты азаматтардың қуанышы мен бақытына қатысты эмоцияларын басады. Адам қуана алмай, біреудің өмірін сүреді. Соңында ауырады, антидепрессантқа жүгінеді, – деп түйіндеді нейропсихолог.