Көптен бері, Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданына қарасты, Маралды ауылында алтын өндіретін зауыт салынып жатқаны туралы ақпараттар легі шыққан болатын. Әрине, өндіріс орындарының құрылғаны жақсы. Жаңа жұмыс орындары құрылып, ауыл халқының әлеуметтік жағдайына бірқатар жақсылықтар келуі әбден мүмкін. Алайда, зауыт салынып жатқан жерде қызыл кітапқа енген жеті түрлі өсімдік пен екі балық түрі және үш бұлақ көзі бар. Ең бастысы жергілікті тұрғындардың айтуынша, салынып жатқан зауыттың қабырғаларын тесіп, жер асты сулары шыға бастаған. Егер бұл сулар химиялық қауіпті элемент саналатын ционидпен араласып, ауылға қарай ақса оның зардаптары адам айтқысыз қасіретке әкелері сөзсіз дейді. Жергілікті тұрғын Қожықов Әділдің айтуынша, «Зауыт құрылысында жүрген азаматтар бізге хабарласып, жер асты сулары зауыт іргетасының қабырғасынан және астынан жарып шығып, су алып жатқанын хабарлады. Біз жергілік қоғамдастық мүшелер барғанымызда, зауыт құрылысының ішін су алып кеткенін көрдік. Бұл судың ауылға қарай аққан жағдайда қаншама қасірет әкелерін ойлаудың өзі қорқынышты дейді. Сонымен қатар Күршім аудандық ішкі істер полициясының қызметкерлер зауытқа келетін өндіріс заттарын тасымалдайтын көліктерді жан-жақты қорғап, қоршап, жол көрсеткенімен қоймай, зауыт нысанын тікелей күзетіп жүр дейді. Сонда халықтың тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлері кімнің сойылын соғып жүр? Ішкі істер министрлігі, ШҚО полиция департаменті қайда қарап отыр?» дейді. Партияның басшылығына Маралды ауылынан келген тұрғын Назархан Уәлиев «Зауыт салынып жатқан нысанда жерасты суларының қайнар көзі бар екенін арнайы сараптама жасатып дәлелдеп шықтық. Бұл мәселе бойынша су және ирригация, экология және табиғатты қорғау министрліктеріне хат жаздық. Қабылдауларында болдық. Тіпті министрі Н.Нұржігітов мырзаның өзі зауыт аумағында жерасты суларының бар екенін мойындап отырса да қауқарсыздық танытып ешқандай әрекет жасамай отыр» дейді. «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы шұғыл жиналыс өткізіп, маралдық тұрғындармен «zoom» байланысы арқылы тікелей эфирде сөйлесті. Партия төрағасы А.Әміртаев «Біз жасыл экологияны қолдайтын партиямыз. Халықтың, экологияның кез-келгеніне зардабын тигізетін мәселеге бей-жай қарай алмаймыз. Сондықтан да партия бұл іспен мақсатты түрде айналысатын болады. Ешқандай қоғамдық тыңдау өткізбестен, тұрғындардың пікірн құлаққа ілместен зауыт құрылысын салып жатқан компанияның ісі заңсыз деп есептеймін. Сондықтан да келесі аптада қоғамдық тыңдау өткізіп, партия жақтастарымен және БАҚ бірлесіп, Маралды ауылына барамыз» деді.
Шын мәнінде бұл зауыттың артында кімдер тұр? Халықтың пікірін құлаққа ілмейтін қандай күш бар? Бұл мәселе әзірге жұмбақ күйі қалып отыр. Біздің «Baimedia» арнасы алдағы уақытта Семей өңіріне барып арнайы репортаж жасайтын болады.