KAZINFORM — Қылмыстық істің қозғалуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновтың өтініші себеп болған. Ол өзіне жала жабылды деп есептейді.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Серік Батырғожиновтың өткен жазда екі баланың анасын зорлағаны туралы ақпарат тарап кеткен еді. Лауазым иесі бұл айыптаумен келіспей, әйелді сотқа берді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі аталған оқиға бойынша келесідей хабарлама жасады:
«Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов биылғы 8 қаңтардан қазіргі уақытқа дейін денсаулық жағдайына байланысты демалыста. Біздегі ақпарат бойынша Павлодар облысының полиция департаменті жеке тұлға Серік Батырғожиновтың өтінішіне сәйкес бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жәбірленуші тарап — Серік Батырғожинов» деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.
Аталған іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізілген. Айыптаушы тараптың ұсынған фактілері тексерілген және расталмаған. Бүгінде іс сотқа жіберілді.
Еске сала кетейік, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары қаңтар айында жол-көлік апатына ұшырады.