Қазақстан мен Моңғолия Жоғарғы Соттарының Төрағалары Асламбек Мерғалиев пен Ганзориг Дамдин онлайн-кездесуде өзара іс-қимыл аспектілерін талқылады.
Моңғол әріптестерінің бастамасымен өткен кездесуге Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров, Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы және МХР Судьялардың біліктілігін арттыру институтының директоры Чагдаа Хосбаяр және Эрденечимег Дашпунцаг қатысты.
А.Мерғалиев Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен сот ісін жүргізу, сот корпусының тәуелсіздігі мен кадрлық әлеуетін нығайту бойынша қабылданған заңнамалық шаралар, әкімшілік әділетті дамыту, 2,5 жыл ішінде азаматтардың 63%-ы және инвесторлардың 76%-ы мемлекеттік органдармен дауларда ұтатыны
туралы айтты.
Халықаралық рейтингтерде көрсетілген цифрландырудың жоғары деңгейі, медиация, сондай-ақ соттарды біріктіру, экстерриториялық соттылық, жасанды интеллект элементтері бар IT-жүйелерін және роботтандыру жөніндегі жобалар атап өтілді.
А.Мерғалиев Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сотқа сенім деңгейін арттыруға бағытталған жобаларына тоқталып, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша биылғы жылдың басында ол 61 %-ды құрағанын атап өтті.
Өз кезегінде Г.Дамдин екі елдің сот жүйесінің әріптестігіне серпінді ынтымақтастық сипатын беруге ниетін білдірді. Ол соттарды цифрландыру саласындағы және оны нормативтік регламенттеудегі қазақстандық тәжірибені, онлайн сот ісін жүргізу процесі, жасанды интеллекті пайдалану жобасына және т.б. зерттеуге қызығушылық танытты.
Сондай-ақ соттардың тәуелсіздігін нығайту шараларына, оқыту іс-шараларына, сот қауымдастықтарының халықаралық бірлестіктерімен өзара іс-қимылға қызығушылық танытатыны атап өтілді.
Кездесу соңында тараптар сот төрелігі мен сот әкімшілігінің
тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ниетті екеніне сенім білдірді.