Атырау облысындағы Құлсары қаласына 30 полицей мен Ұлттық ұланның 80 сарбазы келе жатыр.
Атырау облыстық жедел штабтың мәліметінше, Құлсары қаласына полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Көшқалиев бастаған 50 тәртіп сақшысы келген.
Олар Жылыой аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен бірге тасқын судан зардап шеккендерді эвакуациялау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кірісті.
Сондай-ақ, Ұлттық ұланның 75 сарбазы да Құлсары қаласындағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен құқық бұзудың алдын алу шараларына көмектесіп жүр.
«Құлсары қаласындағы тасқын судан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында 6 сәуір күні қосымша полицейлер мен сарбаздар келеді. Оның ішінде полиция департаментінің 30 қызметкері мен Ұлттық ұланның 80 сарбазы бар» деп хабарлады облыстық жедел штабтан.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын тасқын судың қаупіне байланысты Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланды.
Күндіз Құлсарыдан Доссорға дейінгі жолдың бір бөлігін су басты.
Бүгін тасқын су Құлсары қаласына кіре бастағанын хабарлаған болатынбыз.