Шымкент. 15 тамыз. BM.KZ – Руслан Берденов ақпараттық кеңістікте өзіне қатысты тараған мәліметті теріске шығарды. Ол кеше ұсталған Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Арман Әбдешовті «оның адамы» деуге негіз жоқ екенін айтты. Бұл туралы әлеуметтік желіде жазды.
«Оның “менің адамым” екендігі жөніндегі кез келген мәлімдемелердің ешқандай негізі жоқ. Менің оған еш қатысым жоқ. Ол бұл лауазымға мен әкімдікке келгенге дейін тағайындалған», – деді Берденов.
Осы тақырыпта жазған БАҚ өкілдері мен арна авторларын қандай да бір ақпаратты жарияламас бұрын деректерді мұқият тексеріп, жұртшылықты жаңсақ хабармен адастырмауға шақырды.
Айта кетейік, кеше Шымкенттің бас сәулетшісі Арман Әбдешевтің қамауға алынғаны туралы БАҚ-та ақпарат тараған болатын. Дереккөзге сәйкес, ол сеніп тапсырылған мүлікті иемденді немесе ысырап етті деген күдікке ілінген.
Ал Руслан Берденовтің өзіне қатысты сот жалғасып жатыр. 2025 жылдың 21 сәуірінде әкімдік ғимаратының жанында оған қарулы шабуыл жасалған. Ол оң жақ сан және иық тұсынан жарақат алып, ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды.
Ал оны атқан – Ернар Жиенай бұрын Берденовтің қоластында «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің бұрынғы директоры болған. Ол оқиға орнында ұсталып, әрекеті «кісі өлтіруге оқталу» ретінде бағаланып, қылмыстық іс қозғалды.
Ұсталған сәтінде Берденовтің жүргізушісі араласып, Ернарды көлікпен қағып, оның оқ атуына кедергі жасаған.
2025 жылдың 25 маусымында қылмыстық істің тергеуі аяқталып, материалдар прокуратураға, содан кейін сотқа жіберілді.
Ал 28 шілдеде алдын ала тыңдауда прокуратура мотивті жұмыс бабындағы жанжал деп анықтады. Органның пайымынша, Жиенбай кеңестен кейін жұмыстан босатылып, кек алуға бел буған.
Руслан Берденов болса, айыпталушының сотта айтқан уәждерін «бопсалау» және «манипуляция» деп атады.
