Бүгінде еліміздің бірқатар өңірі су астында қалды. Президент мұндай апат 80 жылдан бері болмағанын айтты. Төтенше жағдайлар министрлігінің деректеріне сүйенсек, тасқын басталғалы 100 мыңға жуық адам құтқарылған. Зардап шеккендер баспанасыз қалды, мүлкінен айырылып, малы қырылды. Жалпы шығын 200 млрд теңге шамасында болуы мүмкін. Алайда елімізде мұндай жағдайда сақтандыру міндетті емес. Қазақстанда міндетті сақтандыруды енгізу мүмкін бе, енгізілсе, механизмі қандай болуы керек? Толығырақ Kazinform тілшісінің сарапшылармен сұхбатынан оқыңыз.
Қазақстанда қанша тұрғын үй сақтандырылған?
БҰҰ мәліметінше, соңғы 20 жылда дүние жүзінде табиғи апаттар – жер сілкінісі, су тасқыны, құрғақшылық және дауылдардың саны екі есе өскен. Сарапшылар мұны климаттың өзгеруімен, соның ішінде жаһандық жылынумен байланыстырады.
«Еуразия» сақтандыру компаниясының мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы екі айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мүлікті ерікті сақтандыру шарттары 77,3%-ға өскен. Алайда, су басқан аймақтарда жеке мүлікті сақтандырудың деңгейі өте төмен – 1%-дан да аз. Себебі Қазақстанда мүлікті сақтандыру міндетті емес.
Осы жылдың алғашқы екі айында Қазақстанда жеке тұлғалар жер сілкінісі және басқа да апатты қауіп-қатер жағдайынан 855 жылжымайтын мүлікті сақтандырды. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда жетпіс жеті пайызға көп. Былтыр тек 482 нысан сақтандырылды, – деді «Еуразия» СК басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Жантөреев Kazinform тілшісіне сұхбатында.
Оның айтуынша, сақтандырылған тұрғын үйлер саны бойынша Астана көш бастап тұр. Оның үлесіне жаңа сақтандыру шарттарының жартысы – 50,4% келеді. Алматының үлесі небәрі – 14,85 пайыз ғана. Әдетте, жылжымайтын мүлікті сақтандыру шарты 12 айға жасалады.
Дегенмен, ұйым мамандарының пікірінше, елімізде су басу қаупі бар аймақтарда жеке мүлікті сақтандыру деңгейі өте төмен болып отыр. Әдетте, сақтандыру жайлы табиғи апат кезінде ғана еске түседі.
Әлем елдерінде міндетті сақтандыру қалай жұмыс істейді?
Сарапшы Нұржан Жантөреевтің сөзінше, бірқатар елде апат салдарынан ірі мүлік шығыны, зардап шеккендер көп болғаннан кейін міндетті сақтандыру бағдарламалары іске қосылды. Өйткені, мұндай кезде мемлекетке қаржылық үлкен ауыртпалық түседі.
Бірнеше елде жергілікті ерекшеліктерін ескере отырып, табиғи апаттардан мүлікті сақтандыру бар. Әсіресе, Жапония, Түркия, Жаңа Зеландия және басқа елдердегі міндетті сақтандыру үлгі ретінде айтылады, – дейді ол.
Спикердің айтуынша, Түркияда 1999 жылдан бері апаттық тәуекелдерден міндетті сақтандыру бағдарламасы TCIP (Turkish Catastrophic Insurance Pool) қосылып, оның аясында мемлекеттік сақтандыру компаниясы құрылған.
Бұл елде сақтандырудың орташа құны – жылына шамамен 15 мың доллар, ал ең жоғары сақтандыру төлемі шамамен – 35 мыңды құрайды. Сонымен қатар, жылжымайтын мүліктің шамамен 50% осы міндетті бағдарламамен қамтылған… Шетелдік сақтандыру компанияларында тәуекелдер қайта сақтандырылады. Қайта сақтандыру тетіктерінің көмегімен әлемнің түкпір-түкпіріндегі компаниялар тәуекелдерді өзара бөлісіп, зардап шеккендерге сақтандыру төлемдерінің түсуін қамтамасыз етеді, – деп түсіндірді сақтандыру компаниясы төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, Жапонияда міндетті сақтандыру бағдарламасының істеп жатқанына жарты ғасырдан асқан.
Жапонияда 1966 жылы, яғни 58 жыл бұрын жер сілкінісін қайта сақтандыру бағдарламасы іске қосылды. Осы уақыт ішінде бағдарлама үнемі жетілдіріліп келеді, өйткені ел әлемдегі ең белсенді сейсмикалық аймақта орналасқан. Осылайша, Жапония үй шаруашылықтары үшін мүлікті қорғаудың өте жоғары деңгейін қамтамасыз етті. Жапониялық модель ең тиімді болып саналады және оны тәжірибеде бірнеше рет дәлелдеді. Мемлекет қайта сақтандыру бағдарламаларын іске қосып, басқарады, сонымен бірге жергілікті сақтандыру компаниялары да белсенді түрде қатысады, – деді спикер.
Сарапшы Америка Құрама Штаттарының тәжірибесін де бөлісті. Айтуынша, бұл елде жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыру бағдарламасы жоқ, бірақ АҚШ-та тұрғын үйлердің басым бөлігі ипотекамен сатып алынатынын ескерсек, сәйкесінше, несие берушілер нақты сақтандыру механизмдерін іске асырады.
Тұрғын үй кепіл ретінде несиенің қалдық құнына емес, толық құнына сақтандырылады. Сонымен қатар, бірқатар аймақта сақтандыру тарифін АҚШ үкіметі субсидиялайды, олардың қатарында жыл сайын жойқын тропикалық циклондардан зардап шегетін оңтүстік-шығыс штаттар бар. Егер тариф субсидияланбаса, сақтандыру құны осы штаттарда тұратын тұрғындардың басым көпшілігі үшін, тіпті америкалық табыс деңгейімен есептегенде де қолжетімсіз болар еді. Калифорнияда және оған жақын орналасқан штаттарда сейсмикалық аймақ ретінде жер сілкінісі бойынша уәкілетті орган – California Earthquake Authority (Калифорния жер сілкінісі жөніндегі орган) құрылды, – деді сарапшы.
Жалпы, оның пікірінше, елдердің табиғи жағдайы мен экономикасы бірдей болмағандықтан, тұрғын үйді сақтандыру бағдарламасы түрлі елдерде бірдей болуы мүмкін емес. Тек ұқсас болуы мүмкін.
Қазақстанда міндетті сақтандыру енгізу мүмкін бе?
Сарапшы Жантөреевтің айтуынша, елімізде халықты жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыруды енгізу мүмкіндігі соңғы жиырма жылда кезең-кезеңімен талқыланып келеді. Өткен жылы Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен және осы жылдың басында Алматыда болған дүмпулерден кейін бұл мәселе қайта көтерілді. Мамандардың айтуынша, бүгінде Қазақстанда дүниежүзілік институттарды тарта отырып, мүлікті міндетті сақтандыру бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бізге қазақстандық әлеуметтік-экономикалық және географиялық факторларды ескеретін үлгіні таңдау маңызды. Климаттық аймақтары әртүрлі үлкен мемлекетпіз, сондықтан барлық өңірде бірыңғай тариф енгізу әділ болмайды. Жер сілкінісі қаупі елдің оңтүстігі мен шығысы үшін өзекті болса, батыс, солтүстік және орталық үшін проблема — су тасқыны. Дегенмен, сақтандыру бағдарламасының ауқымдылығы халық үшін қолжетімді тарифтерді қамтамасыз ете алуы керек. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, мұндай ірі іс-шараларды реттеуді құзырлы мемлекеттік органдар қолына алғаны жөн. Олар тиімділігін сараптайды, тәуекелдерді бағалайды және жалпы бағдарламаның саясатын айқындайды, – деп санайды сарапшы.
«Қазақстандықтар мүлік салығын төлейді. Сол мүлік салығының ішіне сақтандыру сомасын қосуға бола ма» деген сауалға сарапшы мұндай нұсқа тиімді емес деп жауап берді.
Жылжымайтын мүлік салығы есептелетін кадастрлық құн нарықтық құннан айтарлықтай ерекшеленетін болса, сақтандыруды қамтамасыз ету үшін басқа квазисалықты енгізу тиімді болмайды. Себебі кейде ондаған есеге өседі, сондықтан залалды есептеген кезде жылжымайтын мүліктің шығынын өтемейді, – деді Нұржан Жантөреев.
Әдетте, тұрғын үйді міндетті сақтандырудың ортақ үлгісі адамның ең төменгі тұрғын үй қажеттілігін – шамамен 33 шаршы метр тұрғын үйді қамтиды. Дегенмен, адам баспанасыз қалады. Сондай-ақ, сарапшы мүлікті сақтандыру шарты сақтандыру жағдайы басталғаннан кейін де ұзартылуы мүмкін екенін атап өтті. Бұл қауіпті аймақтарда тұратын азаматтар үшін біршама қаржылай қауіпсіздікті қамтамасыз етуі мүмкін.
Тағы бір сарапшы, «Қазақстан сақтандырушылар қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Виталий Веревкин елімізде міндетті сақтандыруды енгізу тетігін анықтау кезінде әлеуметтік аспектіні шешу қажет деп есептейді.
Мысалы, көпбалалы ана, зейнетақыға әрең күн көріп жүрген зейнеткерлер, халықтың әлеуметтік осал бөлігінің өкілдері міндетті сақтандыруға қарсы болады, өйткені олар үшін бұл — қосымша қаржылай ауыртпалық. Әрине, бұл олардың ашуын туғызады, – дейді Виталий Веревкин Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Оның пікірінше, сақтандыруға жататын төтенше жағдай ықтималдығы жоғары аймақтарда сақтандыру құны да қымбат болуы мүмкін. Соған қарамастан, сіз денсаулығыңыз бен өміріңізге толық жауапкершілікпен қарау арқылы ғана өзіңізге және болашаққа сенімді бола аласыз. Сақтандыруды өзіне және жақын адамдарының өміріне жауапкершілікпен қараудың көрінісі ретінде қарастыруға болады.
Тағы бір жайт, биыл мұндай алапат су тасқыны болады деп ешкім болжаған жоқ және бұрын-соңды су баспаған елді мекендер де зардап шекті, – дейді сарапшы.
Сондай-ақ, оның айтуынша, бұл проблеманың түйткілді жағы бар: тұрғын үй құжаттары дұрыс рәсімделе бермейді. Кейбір азамат оған немқұрайлы қарайды.
Әлі күнге дейін көбінің құжаты жоқ, үй иесі кім екені белгісіз, шекарасы шегеленбеген, баспана жоспары жоқ. Яғни, тұрғын үй базасы жоқ. Мәселе иесінің құжаттары мен құқығын дұрыс рәсімдеуге мән бермегенінде. Сондықтан мұнда міндетті сақтандыру шарттарын жасасуды міндеттеу қиын, – деп атап өтті Виталий Веревкин.
Десе де, сарапшының айтуынша, міндетті сақтандыру мәселесіндегі басты нәрсе – азаматтардың ынтасы жоқ.
Әрине, мұндай оқиғалар орын алғанда, бірінші кезекте зардап шеккендер бар ма, жоқ болса, шығынды қалай өтеуге болады деген сұрақ туындайды. Содан кейін бәрінің есіне сақтандыру түседі. Ал, екі аптадан кейін бәрі сақтандыруды ұмыта бастайды. Сол себепті адамдарды сақтандыруға қалай ынталандыру керек деген үлкен мәселеге айналып отыр, – деп түйіндеді маман.
Ойымызды сарапшылардың пікірімен түйіндейік. Олардың айтуынша, әлемнің әртүрлі елінде белгілі бір табиғи апаттан кейін, адам қайтыс болып, қаржылай шығынға батқаннан кейін жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыру енгізілген. Сондықтан қазақстандықтардың халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүлікті міндетті сақтандыруды біртіндеп енгізуіне жақсы мүмкіндік бар.