Ресейдегі «Crocus City Hall» ғимаратында болған қайғылы жағдайдан кейін елімізге еңбек мигранттарының ағылатыны болжанып отыр. Сенатор Дархан Қыдырәлі өзінің депутаттық сауалында олардың біздің елімізге заңсыз келуіне байланысты ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін проблемаларды көтерді.
«Мигранттар туралы жүйелі әлеуметтік зерттеулер жүргізу қажет. Миграция – адамдардың бей-берекет қозғалысының механикалық процесі ғана емес. Ол, ең алдымен, бейімделу үрдісі, әлеуметтік жағдай мен өмір салтының өзгеруі. Сондықтан еңбек мигранттары мен қоныс аударушыларға ақпараттық, заңнамалық, тілдік, мәдени қызмет көрсететін арнайы бейімдеу орталықтары болуы керек», — деді Д. Қыдырәлі Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына.
Сонымен қатар сенатор қандастарды көшіру және олар үшін квоталарды ұлғайту мәселесін де қозғады.
«Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген «Ата жолы» картасының мүмкіндіктері заңды түрде бекітілуі тиіс. Бұл карта этникалық қазақтарға берілетін қандас мәртебесімен теңестірілуі керек. Қандастарға берілетін квотаны да көбейту қажет. Мәселен, Ақмола облысына бөлінген 285 квота қаңтар айында, Рудныйға бөлінген 200 квота ақпан айында игеріліп қойған. Қазақстанға келгендердің басым бөлігі Маңғыстау өңіріне тұрақтағанын ескерсек, солтүстікке қоныс аудару бағдарламасына оңтүстікпен бірге батыс аймақтарды да қосқан абзал деп ойлаймыз. Сонымен бірге, солтүстік өңір әкімдіктері халық көбірек көшетін аудандарда фронт-офис түрінде өкілдіктер ашып, түсіндіру жұмыстарын арттырғаны жөн», — деді депутат.
Сенатор Үкімет басшысы Олжас Бектеновке осы проблемаларға назар аударуды және оларды шешу үшін тиісті шара қабылдауды сұрады.