Билік «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын 2019 жылдан бастап жүзеге асыруда. Оған ел бюджетінен 1 триллион теңге бөлінді. Осы қаражатқа халық көп тұтынатын, бірінші кезекте қажетті, қарапайым заттар шығаратын кәсіпорындар қарқынды дамытылуға тиіс еді. Алайда республика өзін ең құрыса шұлықпен 100 пайыз жабдықтайтын дәрежеге жете алмады.
Яғни, отандық бүкіл жеңіл өнеркәсіптің жыл бойы өндіргені 20 миллионнан асқан халқымыздың жартысына ғана жетеді.
Дәл осы кезде шетелден, негізінен, Қытайдан, Ресейден, Өзбекстаннан және Қырғызстаннан тасылып жатқан шұлық парларында қисап жоқ, тонналап әкелінуде.
Қазақтардың аяғына шұлықты негізінен Қытай кигізіп отыр: ханзу елінен 267 миллион долларға 24,3 мың тонна шұлық бұйымдары тасылды. Бұл – жалпы импорттың 89,3%-ы.