Астана. 9 қазан. BM.KZ – Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жетекші маман ретінде жұмысқа кіру үшін сынақ мерзімінен өтіп жүрген қызметкер есірткі заттарын заңсыз сақтағаны үшін сотталды. Бұл ақпарат алғаш болып әлеуметтік желілерде таралған болатын. Кейіннен Шымкент қалалық полиция департаменті мен сот өкілдері растады.
Айта кетейік, Telegram желісіндегі @Koza4kov_bot арнасы таратқан дерекке сәйкес, демалыс күндері құқыққорғау қызметкерлері жас әйелді тоқтатқан. Тексеру барысында, одан есірткі заты тәркілеген. Белгілі болғандай, оның қылмыстық сотта мұрағатшы болып жұмыс істейтіні анықталған.
Қалалық соттың мәліметінше, күдікті 2025 жылдың 16 шілдесінен бастап жетекші маман қызметіне қабылданып, сынақ мерзімінде болған. Қызметкердің еңбек қатынасы бұзылып, бүгінгі таңда жұмыстан босатылған.
«Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ю. мен Т.-ға қатысты қылмыстық теріс қылық ісі қаралды. Ю. және Т. ҚК-нің 296-бабының 3-бөлігімен (психотроптық затты өткізу мақсатынсыз заңсыз иемдену, сақтау) айыпталған. Ю. және Т. 2025 жылғы 4 қазан күні Телеграм әлеуметтік желісі арқылы «меткатинонның аналогы 3-хлорметкатинон» атаулы психотроптық затын сатып алып, заңсыз сақтаған. Сотталушылардың кінәлары өздерінің, куәлардың жауаптарымен, айғақ затты алу хаттамасымен, заттай дәлелдемелермен, сот-химиялық сараптама қорытындысымен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді», – деп мәлімдеді Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.
Тергеу барысында айыпталушы, ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 3-бөлігі бойынша («Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау») кінәлі деп танылып, 100 сағаттық қоғамдық жұмыс жазасына кесілген.
