Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың төрағалығымен өткен кеңесте азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру барысы талқыланды.
Аталмыш жоба былтыр мамыр айында Қазақстанның 8 өңірінде басталды. Ол азаматтарға білікті қаржылық және құқықтық көмек көрсетуді, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды, азаматтарға банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша проблемалық берешекті реттеуге жәрдемдесуді көздейді.
«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бері 43 мыңнан астам адам оқудан өткен. Олардың 81%-ы ауылдар мен ауылдық округтердің тұрғындары. Жобаға қатысушылар сарапшылардың дәрістерінен бөлек enbek.kz порталында тіркелу мен жеке кәсіпкерді ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін құру бойынша кеңестер алуда.
Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров халық арасында «Қарызсыз қоғам» туралы түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.
«Жобаның пайдасын бәрі түсінеді. Оны сапалы жүзеге асыру – орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ортақ міндеті. Барлық жауапты ведомстволар оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу мен жобаны насихаттауға белсенді қатысуы керек. Сондай-ақ ауылдардың, шағын және моноқалалардың тұрғындарын кәсіпкерлік қызметке тарту үшін қолдау көрсету құралдарын кеңейту қажет. Бұл үшін қажетті ресурстар бар», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Нұрлан Байбазаров орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшыларына жобаны іске асыру туралы халықты ақпараттандыру жұмысын күшейтуді, жобаға қатысушыларды барынша тарту қажеттігін әрі оқушылар мен студенттер үшін қаржылық сауаттылықты арттыру курсын тиісті деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.