2024 жылдың басынан Украинаның әскери дрондары Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына 15 рет шабуыл жасады. Украиндықтар бұл шабуылдарды мойындамағанмен қазіргі уақытта Ресейдің мұнай саласына соққы беріп жатқан басқа мемлекеттер жоқ екенін бәрі біледі.
Елімізде үш мұнай өңдеу зауыттары болса да Қазақстан әлі күнге дейін мұнай өнімдерінің бірқатар бөлігін Ресейден алатыны жасырын емес. Дрондық шабуылдар Рязань, Төмеңгі Новгород, Калуга, Сызрань және Славянск-на Кубани қалаларындағы мұнай өңдеу зауыттарына жасалды. Бұл туралы Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов Орда.кз тілшісіне айтты.
Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, «Бұл соққылар Ресейден елімізге келетін мұнай өнімдеріне ешқандай да әсер етпейді. Біз Ресейден 10% көлемінде ғана мұнай өнімдерін аламыз. Себебі, Ресейден келісілген 450 мың тонна дизелдьдік жанар-жағар майы Қазақстанға келеді. Өткен жылы Қазақстанға 850 мың тонна дизель өнімдері жеткізілген болатын. Ал бензинге келер болсақ, Ресейден 95 маркалы бензин аламыз. Бірақ өте аз көлемде. Өйткені өзіміздің Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай зауыттарынан шығатын АИ-92 бензині еліміздегі мұнайға деген сұранысты толығымен жауып отыр», -деді.
Мамандардың пкіріне сүйенсек, ең маңызды мәселе бұл авиациалық керосин. Бізде өндірілетін керосин ішкі қажеттіліктерді жабуға жеткілікті. Алайда, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс салдарынан көптеген авиакомпаниялардың бағыттары өзгеріп, Ресейге соқпастан Қазақстанға қонып жатуы салдарынан керосин жетіспеушілігі кейде орын алып жатады. Біз Ресейден керосиннің жалпы қажеттілігінің үштен бірін ғана алып отырмыз. Егерде Ресей қазіргі саяси ахуалға байланысты, Қазақстанға мұнай экспорттай алмаса біз көршілес елдерден алатын мүмкіндігіміз бар. Алдағы уақытта көлік министрлігі Қытайдың авиацияға арналған жоғары сапалы Jet-A1керосинін сатып алуды да көздеп отырғанын айта кету керек. Бұл жөнінде Қытай және Қазақстанның мемлекетаралық келісімі де бар. Яғни, біздегі шикізат өнімі шетелге жіберіліп, өңделіп, дайын өнім ретінде елімізге қайтып келеді. Мұндай жүйемен біз көрші елмен көп жыл бойы жұмыс жасадық. Сондықтан да соғыс салдары әзірше Ресейдің өзіне ғана сезілу мүмкін. Қазіргі таңда жанар-жағармай бағасы ол мемлекетте 1,5 есеге көтерілді.
Алайда, сарапшы Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына емес өзіміздің зауыттарға назар аударуды сұрады. Биылғы жылы үш зауыт та жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында тоқтайды. Жөндеу жұмыстары жоспарлы, мұнай қорлары елдегі қажеттілікті өтеуге жеткілікті. Өкінішке орай, Қырғыз еліне автоцистерналармен тонналап тасу салдарынан мұнай өнімдері өзіміздегі сұранысты жабуға жетпей қалу ықтималдығы бар. Осыған байланысты, автоцистернамен және темір жолмен көршілес елдерге мұнай тасымалдауға тиым салсақта, 150 литрлік бензин сиятын багы бар автокөліктер Жамбыл облысы арқылы күніне бірнеше мәрте өтіп кетіп жатқанын байқап отырмыз. Бір кездері Ресеймен де осыған ұқсас оқиғалар белең алған болатын. Рубльге шаққанда арзан тұратын біздің бензиндерімізді ресейліктер күні -түні тасымалдаумен айналысты. Кейін тенгемен рубль бағамы өзгергенде бұл мәселе сап тиылды.
Демек, құзырлы органдар шетелге заңсыз тасымалданып жатқан мұнай өнімдеріне қатаң бақылау орнатуы қажет. Күннен -күнге бағалар өсіп, қымбатшылық буып жатқан заманда мұнай жетіспеушілігі ел ішін дүрліктіріп жіберердей алапат күш екенін қантар оқиғасы дәлелдеп бергені хақ.
Baimedia.kz