Негізгі су қоймаларында біртіндеп су ағызу төмендетіле бастады.
«Қаратомар су қоймасында соңғы тәулікте су ағызу секундына 660 текше метрге азайды және секундына 2200 текше метр құрады», — деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Сондай-ақ, Жоғары Тобыл және Желқуар су қоймалары бойынша су ағызудың төмендеуі байқалады. Сонымен қатар өңірде өзендердегі су деңгейі төмендеп келеді.
Тобыл өзенінің бас жағында соңғы тәулікте 71 см-ге, Әйет өзенінде 91 см-ге төмен түскендігі тіркелді. Қарасу ауданындағы Тімтуір, Құндызды және Қарасу өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі тәулігіне 13-тен 97 см-ге дейін құрады.
Облыстың оңтүстік бөлігіндегі Торғай, Дәмді және Қабырға өзендерінде судың әлі де жоғары деңгейі сақталып отыр.
Су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына көмек көрсету жөніндегі жұмыс жалғасуда.
«Бүгінгі таңда 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі әлеуметтік көмек 587 отбасына 107,3 млн теңге сомасында төленді», — деді спикер.