Шетелдік рұқсат бланкілерін таратудың жаңа тәртібі барлық мемлекеттік органдармен талқыланып, келісілгеннен кейін ғана енгізіледі
ҚР Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әлі Алтай ОКҚ алаңында өткен баспасөз конферецниясында шетелдік рұқсат бланкілерін берудің ұсынылған тәртібі мен бақылау туралы айтты.
Өтініш беріледі — мұны қашықтан жасауға болады. Өтініш бергеннен кейін жүйе оның сәйкестігін толығымен тексереді, содан соң хабарлама жіберіледі. Төлем жасауға екі күн уақыт беріледі. Бланкілер «Азаматтарға арналған үкіметке» жіберіледі, тасымалдаушылар оны сол жерден алып, маршрут бойынша жолға шығады.
«Біз енгізгелі отырған жаңа талап — бланкіні алғаннан кейін – егер бланк алсаңыз және ол компанияңызға толығымен ресімделген болса, онда Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тура 30 күн уақыт беріледі. Бақылау «Бүркіт» жүйесімен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Біз бұл көліктің белгіленген мерзімде шыққан-шықпағанын көреміз. Егер ол жолға шықпай, бланкіні ұстап отырса, оған тәртіптік шектеулер қойылады. Жақын арада біз барлық қажетті рәсімдерден өтіп, жариялауды жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік тіркеуден өткен соң бланкілерді таратудың жаңа тәртібі бойынша жұмыс істей бастаймыз», — деді спикер.