Душанбе қаласында (Тәжікстан) климаттық бастамалар аясында «мұздықтарды сақтаудағы әйелдер» форумы аяқталды.
Экологиялық жиынға Орталық Азия елдерінің үкіметтік емес ұйымдары бас қосты. Форум аясында Тәжікстанның Орталық Азия-2025 әйелдер диалогына төрағалығының ресми ашылуы өтті.
Қазақстан делегациясын заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, парламент мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ басқарды. Делегация құрамында Қазақстан Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері де бар.

Форумда сөз сөйлеген Экология министрлігінің өкілі «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында климаттың өзгеруінің алдын алу мен оған бейімделудегі әйелдердің рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада экологиялық мәдениетті дамыту жөніндегі тұжырымдаманың ережелері, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру жөніндегі шаралары егжей-тегжейлі баяндалды.
Форумға қатысушылар климаттың өзгеруі, мұздықтарды сақтау және жаңа экологиялық жағдайларға бейімделу мәселелеріндегі әйелдердің шешуші рөлін айтты.
