Астана. 14 мамыр. BM.KZ – Тек 2025 жылдың өзінде мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарының жағдайына қатысты шамамен 60 мың шағым түскен. Ал 2026 жылдың алғашқы екі айында 7,5 мыңға жуық өтініш тіркеліп үлгерген.
Respublica партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков өзінің депутаттық сауалында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайын көтеріп, бұл мәселе әлі де елдегі ең өзекті әрі әлеуметтік тұрғыдан сезімтал проблемалардың бірі болып отырғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, қалыптасқан жағдай мен азаматтардан түсіп жатқан шағымдар салада жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетеді.
«Тек 2025 жылдың өзінде мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарының жағдайына қатысты шамамен 60 мың шағым түсті. Ал 2026 жылдың алғашқы екі айында 7,5 мыңға жуық өтініш тіркелді. Ең көп сын айтылған бағыттардың қатарында Доссор – Ақтау, Атырау – Орал тасжолдары, сондай-ақ Жетісу және Абай облыстарындағы Алакөл көліне апаратын өңірлік жолдар», – деп атап өтті депутат.
Олжас Құспеков халықаралық бағалаулар да бұл мәселені растайтынын айтты:
«World Economic Forum дерегінше, Қазақстан жол сапасы бойынша әлем елдерінің тоғызыншы ондығында тұр. Жол жабындарының едәуір бөлігі нормативтік пайдалану мерзіміне жетпейді. 5–7 жыл қызмет етуі тиіс жолдар 3–4 жылдан кейін-ақ бұзыла бастайды. Бұл құрылыс материалдарының сапасы, технология талаптарының сақталуы және бақылау тиімділігіне қатысты жүйелі мәселелердің барын көрсетеді».
Мәжіліс депутатының пікірінше, бұл жағдай жол қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
«Ресми мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы елде 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 51 мыңнан астам адам зардап шекті, 2 мыңнан астам азамат қаза тапты».
Сонымен қатар депутат саланы қаржыландыру тәсілдері негізгі мәселе болып отырғанын атап өтті.
«Қазір басты назар жаңа нысандар салуға аударылған. Ал қолданыстағы жолдарды күтіп ұстау мен уақтылы жөндеу жеткілікті деңгейде қаржыландырылмайды. Соның салдарынан жолдар тез тозып, бюджетке қайта шығын түседі», – деді ол.
Оның айтуынша, елде қосымша қаржы түсімдерін қалыптастырудың жекелеген тетіктері қазірдің өзінде жұмыс істейді.
«Атап айтқанда, жеке тұлғаларға арналған жоғары сұранысқа ие мемлекеттік тіркеу нөмірлерін сату бюджетке табыс әкеліп отыр. Алайда заңды тұлғаларға қатысты мұндай тәсіл іс жүзінде қолданылмайды. Бұл теңгерімсіздік туғызып, бюджетке түсетін қаражаттың азаюына әкеледі», – деді Құспеков.
Сондай-ақ депутат бюджетке қосымша табыс өзге қызметтер арқылы да түсуі мүмкін екенін атап өтті:
«Бұған дейін автокөлік иелеріне арналған ақылы сервистерді енгізу, соның ішінде ақылы тонировка мәселесі де қосымша табыс көзі ретінде көтерілген болатын. Айта кету керек, мұндай тәсілдер Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай техникалық регламенті аясында бірқатар елде қазірдің өзінде қолданылып келеді. Көлік әйнектерінің жарық өткізу талаптары біріздендірілген, ал кей мемлекеттер осы негізде арнайы рұқсат беру тетіктерін енгізген. Бұл Қазақстанда да осындай құралдарды пайдалануға қажетті құқықтық негіз бар екенін көрсетеді», – деді депутат.
Құспеков жол құрылысы сапасына және саланы қаржыландыру жүйесіне қатысты тәсілдерді қайта қарау қажет деп есептейді. Оның пікірінше, нақты табыс көздері бекітілген арнайы Жол қорын құрып, тұрақты қаржыландыру тетігін қалыптастырмайынша, бүгінгі мәселелер қайталана береді.
Осыған байланысты депутат:
- республикалық жолдардың сапасына тексеру жүргізіп, олардың тез бұзылу себептерін анықтау және нақты мерзімдері көрсетілген жағдайды түзету жоспарын ұсынуды;
- жолдарды күтіп ұстауға басымдық беретін түсінікті әрі тұрақты қаржыландыру жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ қосымша кіріс көздерін (оның ішінде ақылы сервистерді) анықтап, бұл қаражатты тікелей жол сапасын жақсартуға бағыттауды ұсынды.
