Астана. 14 мамыр. BM.KZ – Түркі мемлекеттері ұйымы бейресми саммиті кезінде Түркістан қаласында жедел әрекет ету және қажет болған жағдайда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ҚР ТЖМ қызметінің Tesla Cybertruck көлігі дайындыққа келтірілді.
Электрлі пикап қазірдің өзінде Алматы қаласының таулы аймақтарында және оған іргелес аумақтарда жүргізілетін іздестіру-құтқару операцияларында пайдаланылып жатыр. Бұл өңірлерде жыл сайын туристер мен альпинистердің легі жоғары деңгейде тіркеледі.
Көлік спутниктік интернетпен, тепловизоры бар кәсіби квадрокоптерлермен, арнайы байланыс құралдарымен, қорғалған есептеу техникасымен және автономды қуат көздерімен жабдықталған. Бұл төтенше жағдай аймағында құтқарушылар мен медициналық қызметтердің іс-қимылдарын жедел үйлестіруге мүмкіндік береді. Мұндай жабдық алғашқы барлауды жүргізуге, құтқару және медициналық қызметтердің іс-қимылдарын үйлестіруге, жабдықты жеткізуге және мобильді штабты төтенше жағдай орнында орналастыруға мүмкіндік береді.
Автокөлік жедел басқару шешімдерін қабылдауды, сенімді байланысты және жедел қызмет күштерін тиімді басқаруды қамтамасыз ететін мобильді командалық-барлау пункті ретінде де қолданылады.
ТЖМ үшін маңызды факторлардың бірі іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерге шектеу қойылған табиғатты қорғау аймақтарында автокөлікті пайдалану мүмкіндігі болды. Электрлі платформаны қолдану таулы аумақтардың экологияға зиян келтірмей, бөлімшелердің ұтқырлығын сақтауға мүмкіндік береді.
