Астана. 20 мамыр. BM.KZ — АҚШ Конгресі Сенатында алғаш рет Вашингтон әкімшілігінің Иранға қарсы әскери әрекеттерін тоқтатуды талап ететін қарар процедуралық дауыс беру барысында қолдау тапты. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады. Дауыс беру C-SPAN телеарнасында тікелей эфирде көрсетілді.
Қарарды 50 сенатор қолдап, 47-сі қарсы дауыс берді. Демократтардың басым бөлігімен қатар, республикашыл сенаторлар — Кентуккиден Рэнд Пол, Аляскадан Лиза Мурковски, Мэн штатынан Сюзан Коллинз және Луизианадан Билл Кэссиди де құжатты қолдады. Ал Пенсильвания өкілі Джон Феттерман қарарға қарсы шыққан жалғыз демократ болды.
Бұған дейін Сенат осыған ұқсас бастамаларды жеті рет кері қайтарған еді. The Hill басылымының жазуынша, құжат Сенат пен Өкілдер палатасында түпкілікті мақұлданған күннің өзінде, президент Дональд Трамп оған вето қоюы мүмкін.
Мақалада айтылғандай, АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға қарсы әскери операция бастаған. 7 сәуірде АҚШ президенті Иранмен екі апталық өзара атысты тоқтату туралы мәлімдеген болатын. 11 сәуірде Тегеран мен Вашингтон делегациялары Исламабадта келіссөз өткізгенімен, бірқатар келіспеушіліктерге байланысты ұзақ мерзімді келісімге келе алмады.
21 сәуірде Дональд Трамп Иранмен жасалған уақытша бітімді ұзарту ниетін білдірді. Алайда Иран мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, Тегеран Вашингтонның біржақты шешімін мойындамай, өз мүддесіне сай әрекет ететінін мәлімдеген.
1 мамырда Ақ үй Конгресс басшылығына АҚШ-тың Иранмен соғысты аяқталды деп есептейтінін ресми түрде хабарлаған. Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім АҚШ әскерін шетелдік қақтығыстарға тартуға қатысты ұлттық заңнаманы сақтау қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін.
