Астана. 13 мамыр. BM.KZ – ІІМ жазғы демалыс қарсаңында оқушылар мен студенттерге үндеу жасап, күмәнді жұмыс ұсыныстарынан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомство мәліметінше, каникул кезінде интернет пен әлеуметтік желілерде «жеңіл әрі тез табыс» ұсынатын хабарландырулар көбейеді.
Алайда олардың артында есірткі тасымалдау, тарату, насихаттау және жарнамалау сияқты заңсыз әрекеттер жасырынуы мүмкін.
– Бұл жай ғана қауіп емес, бұл – қылмыс. Есірткіге қатысты қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Ең қатаң жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қарастырылған, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Оның айтуынша, бір ғана «жеңіл табыс» бүкіл өмірге кері әсер етуі мүмкін.
ІІМ жастарды күмәнді жұмыс ұсыныстарынан бірден бас тартуға шақырды.
– Жылдам табыс иллюзиясы үшін өз болашағыңызды қатерге тікпеңіз. Еркіндік ақшадан қымбат, ал болашақ уақытша пайдадан маңызды, – деді Қуандық Әлжанов.
