Астана. 13 мамыр. BM.KZ – Атырау облысының Жанкелдин ауылында тұтас бір отбасының өліміне қатысты алғашқы сот отырысы 18 мамырда өтеді, деп хабарлайды «Астана» арнасы.
Төрт бірдей адамды аяусыз пышақтап, көміп тастады деп күдікке ілінген сол әулеттің бұрынғы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев сотта 13 эпизод бойынша жауап бермек. Оның қылмыс барысында қолданған пышағы табылмапты. 15 томнан тұратын істі халық арасында танымал судья Зарема Хамидуллина жүргізеді.
Мұқанғалиевтардың қызы Ақбаянның ата-анасы мен бауырларының өліміне қатысы жоқ. Прокурорлар Ақбаянға қатысты бөлек қылмыстық қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтты. Ол Атыраудағы психикалық денсаулық орталығына жеткізілген.
«Ақбаян Мұқанғалиеваның кісілерді, тұлғаларды өлтіру фактісіндегі қылмыстық құқық бұзушылығы анықталған жоқ. Өлтіру фактісіне қатыстылығы болмағандықтан, ол жөнінде оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылып, яғни қылмысты хабарламау фактісі бойынша бөлек қылмыстық іс тіркеліп, ол бойынша құқықтық бағасы берілген жоқ. Ақбаян Мұқанғалиеваның күдікті ретінде іс-әрекеті сараланбады. Оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ», — дейді облыс прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек.
