Күдіктілер ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот материалдарына сәйкес, олар Ақтау қаласындағы көпқабатты үйлер мен қоғамдық орындарда Telegram мессенджеріндегі есірткі сататын арналарының сілтемелерін таратқан. Сонымен қатар, ғимараттарға парақшалар жапсырып, трафаретпен бояу арқылы жарнамалық жазбалар қалдырған көрінеді.
Полиция қызметкерлері күдіктілерді қылмыс үстінде ұстаған. Жеке тінту кезінде екі адамның қалтасынан психотроптық зат табылды. Сондықтан жауаптылар қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 296-бабының 3-бөлігімен сараланғанын айтады.
“Жеке тінту кезінде екі адамнан мефедрон психотроптық заты тәркіленді, олардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 296-бабының 3-бөлігі бойынша қосымша сараланды. Бесеуі де әрқайсысы 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды”, — дейді Маңғыстау облысының прокуратурасы.
Үкім заңды күшіне енді.
(Фото: ҚР ІІМ gov.kz)
