Шымкент қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «ҚазМұнайГаз Инвест» атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасының заңсыз қызметін тоқтатты.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер азаматтарға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акцияларын сатып алып, қысқа мерзімде жоғары табыс табуға уәде берген. Олар салымшыларға әр 15 күн сайын 50 пайыздық кіріс түсетінін айтып, қаржы құюға шақырған. Алайда іс жүзінде бағалы қағаздар сатып алынбаған. Төлемдер жаңадан тартылған салымшылардың қаражаты есебінен жүргізілген.
Пирамидалық жүйеге бастапқы салым 500 мың теңгеден басталған. Жалпы 200-ге жуық адам қаржы ұйымының құрбанына айналып, келтірілген шығын көлемі 1 миллиард теңгеден асқан.
Тергеу барысында күдіктілердің Түркістан облысында жалпы құны 438 миллион теңгеден асатын екі қымбат көлік («Tank 500» және «BMW X5»), тұрғын үй мен мейрамхана сатып алғаны анықталды. Бұл мүліктер туыстарының атына рәсімделген.
Қазіргі таңда аталған мүлік сот санкциясымен тыйым салынды. Күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
