Дәл осындай жаза Алматы, Қарағанды, Абай және Жетісу облыстары әкімдерінің орынбасарларына да қолданылды, деп хабарлайды BM.KZ.
Туризм және спорт вице-министріне ведомствоаралық жұмыс тобы жүргізген тексеріс қорытындысы бойынша қатаң сөгіс жарияланды.
Үкіметтің хабарламасында тәртіптік жазаға тартылған шенеуніктің аты-жөні көрсетілмеген. Алайда бұл лауазымды Ержан Еркінбаевтың (суретте) иеленетіні белгілі.
Мемлекет басшысының туризм саласына қатысты тапсырмасына сәйкес, Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың жетекшілігімен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған еді.
10–12 шілде аралығында Алматы мен Қарағанды облыстарына, сондай-ақ Жетісу және Абай облыстарына жүргізілген инспекциялық сапар барысында бірқатар жүйелі заңбұзушылықтар анықталды.
Жұмыс тобының мүшелері туристермен кездесіп, Қапшағай су қоймасы, Алакөл мен Балқаш көлдеріндегі инфрақұрылым жағдайымен танысты. Азаматтардың туризм инфрақұрылымының жағдайы, қызмет көрсету сапасының төмендігі және қауіпсіздік шараларының жеткіліксіздігі туралы шағымдары расталды.
Ерекше алаңдаушылық тудырған мәселе — коммуналдық жағажайлардың жағдайы. Бұл нысандар жергілікті атқарушы органдардың құзырында. Тексеру барысында абаттандыру талаптарының бұзылғаны, чек бермей қызмет көрсететін кәсіпкерлердің кассалық тәртіпті сақтамауы, санитарлық және қауіпсіздік нормаларының ескерілмегені анықталды.
Тексеру нәтижесінде жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қолданылды:
— туризм және спорт вице-министріне, сондай-ақ Алматы, Қарағанды, Абай және Жетісу облыстары әкімдерінің туризмге жауапты орынбасарларына қатаң сөгіс жарияланды;
— Қонаев және Балқаш қалаларының, Алакөл және Мақаншы аудандарының, сондай-ақ бірқатар ауылдық округтер әкімдеріне сөгіс берілді;
— кәсіпкерлік, туризм, қоршаған ортаны қорғау, сәулет және сауда салаларына жауапты облыстық басқарма басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды;
— экология және табиғи ресурстар, денсаулық сақтау, қаржы, су ресурстары және ирригация, сауда және интеграция, көлік министрліктерінің аумақтық бөлімшелерінің басшылары да жауапқа тартылды.
Аймақтарда орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен тексерулер жүргізілуде. Осы тексерулердің қорытындысы бойынша туристік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленеді. Онда саладағы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған басым шаралар айқындалатын болады.
Сонымен қатар, жұмыс тобының негізінде арнайы Жобалық кеңсе құрылып, ол туристік қызмет сапасын арттыру, курорттық аймақтарды абаттандыру және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын тұрақты түрде үйлестіріп отырады.
