Қазақстанда кандастарды қоныстандыру бойынша жаңа тәсіл енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, этникалық репатриация институтын дамыту үшін кандас мәртебесін беру, тіркеуі мен оларға сүйемелдеу қызметтерін жетілдіру басты міндеттердің бірі. Бұл бағытта «Кандас» цифрлық платформасы кеңінен қолданылады.
«Ендігі кезекте этникалық қазақтарды тек демографиялық тапшылығы бар, яғни еңбек күші жетіспейтін өңірлерге орналастыру жоспарланып отыр. Бұл өңірлердің ерекшеліктері мен нақты қажеттіліктері ескерілетін болады», — деді министр.
Сонымен қатар, бейімдеу шараларын жетілдіру жұмыстары да жалғасады. Атап айтқанда, тұрғын үймен қамту, оқыту, тілдік интеграция, кәсіби бағдар беру сияқты бағыттар қайта қаралады. Бұдан бөлек, интеграцияның табыстылығын бақылау мен кері байланыс механизмдері енгізілмек.
