Шымкент. 24 шілде. BM.KZ – Оқыс оқиға 22 шілде түскі уақытта орын алған. Шетелдік азамат Бадам өзеніне шомылуға түскен, деп хабарлайды қалалық ТЖД баспасөз қызметі.
Куәгерлер BM.KZ тілшісіне оқиғаның қалай өрбігенін айтып берді.
«Біз достарымызбен жақын маңда қыдырып жүрген едік. «Шомылуға тыйым салынған» деген белгі тұрған жерге 5-6 адамнан тұратын ер адамдар тобы келді. Солардың бірі дамбаның жанынан суға секірді. Оның достары алдымен өздері шамамен 15 минут іздеді, кейін құтқарушылар келді. Сүңгуірлер оны тағы 20 минуттай іздеп, содан кейін ғана денесін алып шықты», — дейді қайғылы оқиғаның куәгерлері.
Төтеншеліктердің айтуынша, марқұм рұқсат етілмеген орынға суға түсіп, батып кеткен.
«Әл-Фараби ауданы, Бөгет көшесінде орналасқан Бадам өзенінде қайғылы жағдай орын алды. Шомылуға рұқсат етілмеген орында суға түскен 2003 жылы туған ер адам суға батып кетті», — дейді Шымкент қалалық ТЖД баспасөз қызметі.
Тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бұл – Шымкентте жыл басынан бері тіркелген алғашқы суға кету дерегі.
